Атыраудағы "Қарызсыз қоғам" қалай жұмыс жасайды?

Атыраудағы "Қарызсыз қоғам" қалай жұмыс жасайды?
(0 Votes)

Атырау облысында несиелері бар тұрғындардың саны 80% құрады, бұл адамдардың қарыздық міндеттемелердің бар-жоғына атүсті қарайтынын көрсетіп отыр. Бұл ретте төлемдер бойынша кешіктіру 5,22% құраған, деп хабарлайды АtyrauРress тілшісі. 

Президент бұл мәселеге бір емес, бірнеше рет назар аударды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға кредиттер бойынша қарыздар есептен шығарылды, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданды, халықтың кредиттік тәуелділігін төмендету бойынша жаңа заңнамалық түзетулер дайындалуда. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, бұл күрделі әлеуметтік мәселені шешу үшін қоғамда қаржылық мәдениеттің қалыптасуы үлкен маңызға ие.

Жоба жаңа қаржылық мәдениетті қалыптастырады

Осыған байланысты "Amanat" партиясының бастамасымен "Қарызсыз қоғам"жобасы жүзеге асырылуда. Жоба несие бойынша қарызға батып, үмітін үзгендерге нақты қолдау көрсетеді. Адамдар өз қаражаты бойынша өмір сүруге, қажетсіз несиелерден бас тартуға үйренеді. Атырау облысы бойынша "Қарызсыз қоғам" жобасының жетекшісі Ақан Қайырғалиев айтып өткендей, жоба аясында 2024 жылдың 5 ақпаны мен 15 желтоқсаны аралығында Атырау облысы бойынша 6255 адам қаржылық сауаттылық курстарынан өтіп, сертификат алды (104,25% орындалды). Олар - жеті аудан мен Атырау қаласының тұрғындары. Қатысушылардың басым бөлігі әйелдер – 4169, ерлер - 2086. 6255 адамның 1433-і (22,91 %) 4 және одан да көп бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылардан. "Жоба қатысушыларға оң әсерін тигізді, өйткені қазіргі уақытта Қазақстанда "Қарызсыз қоғам" қаржылық сауаттылық курсына баламасы жоқ. Жобаға қатысушылар сабақтарға белсенді қатысып, ауыл тұрғындары ерекше қызығушылық танытты, олар 76,78% құрайды", - дейді А.Қайырғалиев.

Жобада не үйретіледі?

Курстар барысында тренингтерден басқа, қаржы сарапшылары жеке кеңестер берді, "Қарызсыз қоғам" жобасына қатысушылар кең ауқымды мәселелер бойынша кеңес алды: enbek.kz порталында тіркелу мен ЖК ашудан бастап соттан тыс банкроттыққа өтініш беруге дейін, берешекті өтеудің жаңа кестелерін жасау, әлеуметтік кәсіпкерлік нысаны ретінде тіркелу, "ОСОП" жобасына қатысу және тағы басқа. Сондай-ақ, қатысушылар оқу процесінде заңгерлердің көмегін пайдалана алды. Олар әр қарыз алушының несиелік тарихын жеке-жеке зерттеп, қарыз жүктемесін қалай жеңілдетуге болатындығы туралы практикалық кеңестер берді. Сол секілді, банкроттыққа өтініш бергенге дейін бұғатталған шоттарды ашу бойынша сүйемелдеу жүргізілді. Оқыту барысында қатысушыларға бизнесті ашу және дамыту үшін мемлекеттік қолдау шараларының барлық құралдары бойынша ақпарат беріледі. Тыңдаушылар кәсіпкерлікті дамыту бойынша қаржылық емес/қаржылық қолдау шараларының құралдары (бизнес ашу, қосымша табыс көзін іздеу, қаржыландыру мен мемлекеттік және жеке қорларда жеңілдетілген несие мен гранттық қаржыландыру жөніндегі бағдарламаларға қатысу) бойынша қажетті ақпарат алды.

Қатысушылардың көп бөлігі – ауыл тұрғындары

2024 жылы оқыту облыстың барлық аудандарында және Атырау қаласында жүргізілді. Өңірлердегі тұрғындардың басым бөлігінің аудан орталықтарына келу мүмкіндігі жоқ, осыған байланысты қаржы сарапшылары қатысушылардың басым бөлігін ауылдық округтерге және шалғай ауылдарға барып оқытуды жүргізді. 6255 адамның 76,78%-ы ауылдық округтер мен аудан орталықтарының, 23,22%-ы қала тұрғындары.

"Деректерді талдау нәтижесінде, сондай-ақ қатысушылардың сауалнамасы барысында жоба тыңдаушыларының басым бөлігі - 4598 адамның кредиті бар екені анықталды, бұл жобаның барлық қатысушыларының 73,51%-ы. Оның ішінде 1 кредит 41,22%, 2 кредит - 23,31%, 3 және одан да көп кредит алғандар – 8,81% құрады. Ал, қатысушылардың 4,52%-ы кредит төлемін 90 күннен кешіктірген" дейді Атырау облысы бойынша "Қарызсыз қоғам" жобасының жетекшісі.

"Олар тапқаннан көп ақша жұмсайды"

Ақан Қайырғалиевтың айтуынша, оқу нәтижелері көрсеткендей, тыңдаушылардың басым бөлігі кірістер мен шығыстардың тұрақты есебін жүргізбейді; отбасылық және жеке бюджетті жоспарламайды; қаржылық жоспары жоқ; қауіпсіздік "жастығы" жоқ; депозиттің артықшылықтары туралы білмейді; негізгі қарыз бен артық төлем сомасын және өзінің пайыздық мөлшерлемелерін білмейді; тапқаннан көп ақша жұмсайды; бір басында үштен астам несиесі бар және олар бойынша мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен.

"Кейбіреулер той мен құдалық үшін несие рәсімдейді, ал басқалары ойланбастан сауда жасайды. Көбісі кепілсіз тұтынушылық қарыздарды, ақшалай несиелерді, сондай-ақ пайызсыз бөліп төлеуге құмар. Бұлар да, шын мәнінде қатардағы несиеге жататынын елемейді. Бірқтары банк алдындағы қарыздарын өтеуде қиындықтарға тап болады, өйткені олар ай сайынғы төлемі аз бірнеше шағын несие рәсімдеген. Олардың арасында бөліп төлеу де бар. Бірақ жиынтық төлем өте көп мөлшерді құрайды. Бұл тұзаққа түрлі банктерде қарыз ресімдегендер де түседі" дейді жоба жетекшісі.

Оның айтуынша, мұның бәрі ауыл тұрғындарының ғана емес, қала тұрғындарының да қаржылық сауаттылығының төмен деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар, "тәуекел тобында" тұрақты табысы бар және өзін еркін сезінетін бюджеттік саланың қызметкерлері де бар. "Борышкерлердің мәселелерін шешеміз" Жобаның қаржылық сарапшылары мен заңгерлері борышкерлердің проблемалық мәселелерін шешуге көмектескен көптеген мысалдар бар. Мәселен, "Қарызсыз қоғам" бағдарламасының қатысушысы Е.Х. өтініш берген кезде әртүрлі банктерде жалпы сомасы 37 млн теңгеге бірнеше тұтынушылық және кепіл кредиттері болған. Тыңдаушының барлық шоттары мерзімі өткен міндеттемелерге байланысты қамауға алу себебінен бұғатталды.

"Біздің сарапшылар қарыз жүктемесін реттеу шарттарын алу үшін несие беруші банктерге сұрау салды. Банктер шарттарды қайта қарауға немесе берешекті қайта есептуден бас тартты. Біз Е.Х-ға сот арқылы төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінен өтуді ұсындық. Нәтижесінде сот үрдісі оның бұғатталған барлық шоттарын ашуға мүмкіндік беретін оң шешіммен аяқталды. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процесінің орындалуын бақылау үшін қаржы менеджері тағайындалды. Қазіргі уақытта алдағы 5 жылға төлем қабілеттілігін қалпына келтіру бойынша жоспар жасалуда, ол берешекті белгіленген мерзімде тұрақты өтеуді қамтамасыз етеді. Осылайша, біздің іс-әрекеттеріміздің және сот рәсімін сәтті өткізудің нәтижесінде тұтынушы өзінің қаржылық жағдайын қалпына келтіруге және ақылға қонымды жоспар шеңберінде банк алдындағы міндеттемелерін орындауға мүмкіндік алды" дейді Ақан Қайырғалиев.

Жобаның басқа қатысушысында 9 700 000 теңге сомасында кепіл кредиті болған. Өтініш берген кезде оның шоттарына тыйым салынды. Сарапшылар бұл жағдайды реттеу мақсатында банкке сұрау жіберді, бірақ олар бас тартты. Бас тартудың себебі банктің істі сот орындаушысына беру үшін құжаттарды дайындап, содан кейін мүлікті сатуы болды. Жобаның заңгері осы адамның сот арқылы төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінен өткенін растайтын қажетті құжаттарды жедел дайындады. Осы процедураның нәтижесінде оң жауап алынды. Қазіргі уақытта қаржы менеджері алдағы 5 жылға төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын құруда. Барлық шектеулер шоттардан алынып тасталды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT