Атыраудағы "Атырау. Маленькая страна" әлеуметтік қалашығында күн мен желден қуат алатын құны 34 180 000 тұратын гибридті электростанция іске қосылды. Жоба Samruk-Kazyna Trust қорының демеушілігімен жүзеге асты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорына ризамыз. Біздің қалашық қағидасы органикалық заттарды тұтыну арқылы қоршаған ортаға зиянсыз қоғам жасау. Компания біздің қалашықты жел мен күннен қуат алатын электр станциясымен және тұрғынжайды жылытуға арналған қауіпсіз конвекторлық жылытқыштармен қамтамасыз етті. Осының арқасында коммуналдық шығындарымыз азайды. Бұрын жылу мен электр қуаты үшін едәуір көп төлейтін едік. Енді үнемделген қаржыға мамандарға - еңбекақы төлей аламыз. Ерекше балаларды оңалтуға арналған жобаларды қолға алып, олардың қоғамға икемделуіне, саулығын нығайтуына арналған бағдарламаларымызды жүзеге асыруға дайынбыз, - деді "Атырау. Маленькая страна" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Күмісқалиев.
Қуаттылығы 50 Квт болатын баламалы электр станциясы толық автоматтандырылған. Оның жұмыс принципі – күн мен жел қуатын электр энергиясына айналдыру. Одан артылғаны арнайы аккумуляторға жиналып, энергия көзінің қоры сақталады.
Айта кетейік, аумағы 5 гектар болатын "Атырау. Маленькая страна" әлеуметтік қалашығында иппотерапия, канистерапия, фелинотерапия әдісімен түрлі диагнозы бар балалар емделеді.