Атырау облысының Құрманғазы ауданында жылына 435 тонна бройлер еті өндіріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің тұрғындармен есепті кездесуінен мәлім болды.
Бройлер етін өндіріс орнының бірінші желісін «Бұйырғын» ауыл шаруашылығы кооперативі іске қосып, осы кезге дейін 17 тонна құс етін өндірді. Өнім сапасы жоғары, бір тауықтан 2,7 кило ет алынады. Енді биыл өндіріс орны толық қуатында жұмыс істей бастамақ. Сол кезде мұнда жылына өндірілетін бройлер етінің көлемі 435 тоннаға жетеді.
Сондай-ақ, облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің мәлім етуінше, бұған қосымша жылына 5 тонна құс етін өндіруді жоспарлаған «Мекен Чикен» серіктестігінің жобасын іске қосу жоспарланып отыр.