Атырауда жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталды

(0 Votes)

Биылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары үшін декларациялаудың үшінші кезеңі басталды. Бұл туралы Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Айдын Сауданбеков мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Жалпыға бірдей декларациялау Ұлт жоспарының 42-ші қадамымен 2021 жылдың 1 қаңтардан басталған болатын. Осыған орай, Салық кодексіне 71-тарау – «Жалпыға бірдей декларациялау» өзгеріс болып қосылып, 2025 жылға дейін кезең кезеңімен көшу жоспарланған.

Бірінші кезеңде – 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияларды мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынды.

Екінші кезеңде – 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары декларация тапсырды.

Үшінші кезеңде – 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары үшін декларациялау енгізіледі.

Төртінші кезеңде – 2025 жылғы 1 қаңтарынан бастап азаматтардың қалған санаттары өтеді.

Жалпыға бірдей декларациялаудың басты мақсаты – көлеңкелі экономикамен күресіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құралды қалыптастыра отыра ел бюджетін толықтыру. Сонымен қатар ұсталынатын табыс салығының толықтылығы мен мерзімділігін жаппай қадағалау, заңсыз табыс мөлшерлерін айқындауға бағытталған.

250.00 нысанын, яғни активтер мен міндеттемелер туралы декларация жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген кезде ұсынылады. Сонымен қатар осы нысанды күні бүгінге мемлекеттік лауазымға немесе теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымға кандидаттар және олардың жұбайлары лауазымды органның актісі шығарылғанға дейін кірістер органдарына тапсыру міндеттеледі.

Бұл нысанда көрсетілуі тиіс ақпараттар жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, жер үлестерін, әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзу кемелері, көлік құралдары, арнайы техника және тіркемелер, барлық банк салымдары бойынша республикалық бюджет туралы заңда белгіленген АЕК 1000 еселенген мөлшерінен асатын сомадағы ҚР тыс жерлердегі шетелдік банктердегі банк шоттарындағы ақшасы, ҚР тыс жерлерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі кіреді. ҚР тыс жерлердегі мүлік, бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік объектілері, авторлық құқық ҚР бюджет туралы заңда белгіленген АЕК 10000 еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде көрсетілген қолма-қол ақша деректері көрсетілуі тиіс,- деді А.Сауданбеков.

Сондай-ақ оның айтуынша, 270.00 нысаны (кірістер мен мүлік туралы декларация) жалпыға бірдей декларациялау жүйесі басталған жылдан кейінгі жылдары жыл сайын ұсынылады. Декларацияда күнтізбелік жыл ішінде алынған кірістері туралы (оның ішінде елімізден тыс жерлерде алған кірістері де бар), мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікті сатып алғаны немесе иеліктен шығарғаны туралы (оның ішінде елімізден тыс жерлердегі мүлік те бар) ақпараттар көрсетілуі тиіс. Бұдан басқа, декларацияда жеке тұлғалар есепті салық кезеңі ішінде, жылжымайтын мүлкі (пәтер, үй, жер учаскесі), механикалық көлік құралдары олардың тіркемелері, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі, бағалы қағаздар (акциялар, облигациялар, вексельдер және т.б.), инвестициялық алтын, туынды қаржы құралдары, тұрғын үй құрылысына қатысу үлесін сатып алуға жұмсаған шығындары туралы мәліметтерін көрсетуі қажет. Декларациялауға иелігінде уақытша тұрған меншік мүліктері көрсетілуге жатпайды.

Айта кетейік, декларациялар 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсырылады. Электронды түрде – «Салық төлеушінің кабинеті», мемлекеттік кірістер комитетінің web-порталы арқылы (cabinet.salyk.kz), e-SalyqAzamat мобильді қосымшасы арқылы, ал қағаз тасығышта – мемлекеттік кірістер органдарына тапсыра алады. Бұдан басқа, декларацияны ұсына отырып, жеке тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасы болуы міндетті емес, бір реттік SMS құпиясөз арқылы есептілікке қол қою мүмкіндігі іске асырылған.

Декларацияны уақытында ұсынбағандарға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 272-бабының негізінде мемлекеттік кірістер органы жауапкершілік қарайды.

Декларациялау рәсімі барынша жеңілдетілген. Жалпыға бірдей декларациялау ережелерін түсіндіру үшін «1414/3» бірыңғай облыстық нөмір платформасында салық және кеден мәселері бойынша байланыс орталығы іске қосылған. Толық ақпаратты комитеттің сайтындағы «Жалпыға бірдей декларациялау» бөлімінен алуға болады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT