Атырауда 5 желтоқсан – Халықаралық волонтерлер күніне орай, өңірдің әлеуметтік салаларында белсенділік танытып жүрген волонтерлар тобының жетекшілері мен қарапайым еріктілер марапатталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Еріктілерді Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы қабылдап, жылы лебізін білдіріп, ерікті азаматтардың ел үшін атқарып жатқан еңбектеріне тоқталды.
- 2020 жылды мемлекет басшысы «Еріктілер жылы» деп жариялаған болатын. Пандемия кезінде аймақтағы ахуалды жеңілдету үшін сіздер қосқан үлес аз болмады. Облысымызда 57 волентерлік топ пен 712 ерікті бар. Барлығы да әртүрлі сала бойынша өңірдің көркеюіне үлес қосуда. Еріктілер – мейірімділік пен жауапкершіліктің үлгісі іспеттес. Еліміздің азаматтық қоғам саласын өркендету жолында еріктілік пен белсенділіктің үлгісін танытып, көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық жасау ісіне белсене атсалып келе жатқандарыңызға алғыс білдіремін,- деді Н.Жеңісбекұлы.
Жиында өңірдегі күміс волонтерлер қозғалысының мүшелері, волонтерлік топтың жетекшілері мен негізін қалаушылар және әлеуметтік желі арқылы жастар арасында тазалық жұмыстарын насихаттап жүрген жас волонтерлар Атырау облысы әкімі аппаратының «Алғыс хатымен» марапатталды.
Айта кетейік, 5 желтоқсан – Халықаралық волонтерлер күні. Бұл күн БҰҰ-ның шешімімен 1985 жылдан бері жыл сайын атап өтіледі.