31 мамыр күні Атырау облысы бойынша экология департаментінің ұйымдастыруымен “Таза Қазақстан” жалпыұлттық акциясы әрі 5 маусым қоршаған ортаны қорғау және экологтар күні аясында аймақтың атқарушы органдары, кәсіпорындар және еріктілердің қатысуымен облыс көлемінде «Таза аймақ» экологиялық акциясы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Акция мақсаты - аумақты қоқыстан тазарту және халықты тазалыққа, бірлікке, жауапкершілікке шақыру. Атырау қаласындағы тазалық шарасына қатысушылар “Самал” ықшамауданы аумағын қоқыстан тазартты.
Атырау облысы бойынша экологиялық сенбілікке жалпы саны 4000-нан аса адам қатысты. Оның ішінде «АМӨЗ», «COCR», «KPI», «KUS» ЖШС, «Ембімұнайгаз», «Қазтрансойл» АҚ қызметкерлері белсенді болды. Акция аясында облыс бойынша 20 шақырым жерден барлығы 52 тонна қоқыс жиналды. Оның ішінде 20 тонна шыны, 12 тонна пластик, 8 тонна резеңке, 5 тонна қағаз, 5 тонна металл. Жиналған барлық қоқыстар қоқыс полигонына жіберілді.