Атырауда Шекара қызметінің сарбаздары ант қабылдады

(0 Votes)

ҰҚК Шекара қызметі Атырау облысы бойынша департаменті ғимаратында «Күз-2023» шақырылымы сарбаздарының әскери ант қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды atr.kz тілшісі. 

Сарбаз өміріндегі айтулы шараға қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов, ҰҚК Шекара қызметі Атырау облысы бойынша департаментінің басшылық құрамы және сарбаздардың ата-аналары қатысты.

Отан алдындағы борышын өтеуге асыққан азаматтардың дәстүрлі әскери ант қабылдауы – Отансүйгіштік және патриоттық сана-сезімді қалыптастыруды мақсат етеді. Шараның мақсаты – бейбіт күннің батырлары ерлігін жас ұрпаққа насихаттау, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру болып табылады.

Биылғы «Күз-2023» шақырылымы бойынша еліміздің барлық өңірлерінен жасақталған 150-ге жуық сарбаз айбынды шекарашылар қатарын толықтырды.

Ел шебін күзетуге сап түзеген сарбаздарды Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов құттықтап, алдағы мәртебелі міндеттерін лайықты деңгейде атқаруларына сәттілік тіледі.

«Сіздердің әскери қызметтеріңіз – бос уақыт өткізу емес. Сіздерді жауапкершілікпен біздің шекараны қорғайтын, ұйқымызды тыныш қылатын, еліміздің абыройын көтеретін ең мықты әскери сарбаздар деп білеміз. Сол себепті қабылдаған әскери анттарыңызға адал болып өздеріңіздің кәсіби біліктіліктеріңізді шыңдап, елеулі азамат болуларыңызға шын жүректен тілектеспін», деді Нұржан Ермұханов.

Әскери қызметке енді аяқ басқан сарбаздар мен қатысушы қонақтар мен ата-аналарға музыкалық-сазды бағдарлама ұсынылды. Департамент құрамындағы «арнаулы ұтқыр іс-қимылдар» тобының ұйымдастыруымен жауынгерлік ұрыстағы жаттығулар көрермен назарына ұсынылды.

Департамент басшылығы әскери ант рәсімінен кейін сарбаздардың ата-аналарымен кездесіп, сауалдарына жауап берді. Биыл үшінші шақырылым бойынша Атырау азаматтары өз облыстарында қалып әскери қызметтерін өтеуде.

«Қазір әскерге шақырылған күннен бастап сарбаздар Атырау қаласындағы оқу-жаттығу орталығында үш ай қызмет етеді. Содан кейін Исатай, Құрманғазы аудандарында орналасқан шекара бөлімдеріне жіберіледі. Кейбірі мерзімді әскери қызмет өткеруді департаментте жалғастырады. Демалыс және мереке күндері өнерімен ерекшеленген, иә спортта үздік шыққан сарбаздар үйлеріне жіберіледі. Мемлекеттік және ұлттық мереке күндері де сарбаз ата-аналарымен бірлескен шаралар ұйымдастырылады. Біз сарбаздарды алғашқылардың бірі болып, Шекара қызметіне шақырамыз. Егер кімде кім өз өңірінде әскери борышын өтегісі келсе, келесі көктемгі әскери шақыру өткізілетіні туралы хабарлаймыз», – деді ҰҚК ШҚ Атырау облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары полковник Әбілбеков Жұмахан Маханұлы.

 

Нұргүл Насыр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT