Атырауда полиция қызметкерлері Kazpost бөлімшелерінде интернет-алаяқтықтың алдын алу шараларын жүргізді

(0 Votes)

 Бүгінде интернет-алаяқтық қылмысы өзекті мәселелердің бірі. Алаяқтар азаматтардың сеніміне кіру үшін түрлі айла-тәсілдерді қолданады. Соның бірі – Kazpost қызметкері ретінде қоңырау шалу. Алаяқтар жәбірленушіге “сіздің атыңызға сәлемдеме келді” деген ақпарат беріп, 4 санды SMS-кодын сұрайды. Осылайша, жәбірленушінің атына ірі көлемде онлайн несие рәсімдейді. 

“Атырау облысында жыл басынан бері 90-ға жуық интернет-алаяқтық қылмысы тіркелген. Оның ішінде 37 қылмыс бойынша 3 күдіктіге қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Бүгінде интернет-алаяқтардың арбауына түскендердің қатарында 10-ға жуық зейнеткер бар. Алаяқтар көбінесе мұндай алаяқтықтың түрін егде жастағы адамдарға қарсы қолданады. Сондықтан күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеу керек. Ешкімге жеке немесе қаржылық деректерді бермеу қажет. Қандай да бір күдік туындаса, бірден құқық қорғау органдарына хабарласу керек”, – деді Атырау облысы ПД Кибер қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Садуақас Жанғалиев.

Интернет-алаяқтық көбінесе пошта қызметкерлерінің атын жамылу арқылы жасалады. Осыған байланысты Kazpost бөлімшелеріне келіп түскен шағымдар саны да артып отыр.

“Полиция қызметкерлерінің интернет-алаяқтыққа қарсы халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуі біз үшін де өте маңызды. Өйткені мұндай жағдайлар орын алғанда, біздің мекемелерге де көптеген арыз-шағымдар түседі. Азаматтар күмәнді хабарламалар немесе қоңыраулар алған кезде, бізден сәлемдеме келді ме, жоқ па – соны анықтауға тырысады. Өкінішке қарай, оларға алаяқтық фактілері екенін түсіндіру қиынға соғады. Біз өз тарапымыздан түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, бірақ мұндай жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласу қажет”, – деді Kazpost бөлімшесі директорының орынбасары Гүлсім Жоламанқызы.

Іс-шара барысында азаматтарға шынайы пошта хабарламалары мен жалған SMS-терді ажырату жолдары түсіндірілді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT