Атырауда нашақорлыққа қарсы қоян-қолтық ұрысынан жасөспірімдер турнирі өтті

(0 Votes)

Атырау облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, «Динамо» спорт және дене шынықтыру қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Атырау облысы бойынша филиалы және Каштенбай спорт клубының ұйымдастыруымен «Есірткісіз болашақ» тақырыбы аясында қоян-қолтық ұрысынан турнир өтті. Турнир 10-13 жас аралығында, 26-67 келі салмақ дәрежесінде жас динамошылар арасында өткізілді. Іс-шараның мақсаты – спорт арқылы балалар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткі қылмысын болдырмау және нашақорлықтың алдын алу. 

Шараның салтанатты ашылу рәсімінде Атырау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Жакей Иманкулов турнирдің маңыздылығын атап өтіп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

– Бүгінгі ұрпақ – еліміздің ертеңі. Балалар мен жасөспірімдердің дені сау, саналы болып қалыптасуы – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан жастардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз. Бұл турнир – жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың денсаулығын нығайтуға және зиянды әрекеттерден бойын аулақ ұстауына ықпал ететін маңызды шара. «Есірткісіз болашақты бірге қалайық!» ұранын негізге ала отырып, жас буынға дұрыс бағыт-бағдар беру – әрқайсымыздың парызымыз. Турнирге қатысып отырған барлық жас спортшыларға сәттілік тілеймін! – деді департамент бастығының орынбасары Жакей Болатұлы.

Жарыс барысында 60-қа жуық жас спортшы әртүрлі салмақ дәрежелерінде бақ сынасып, шеберліктері мен күш-жігерлерін көрсетті. Турнир қорытындысы бойынша 18 жасөспірім жоғары нәтиже көрсетіп, I орынды иеленді. Жеңімпаздар Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT