Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Света Аманшиеваның айтуынша, 2023–2025 жылдары облыс аумағында 12 мектеп салу жоспарға енгізілген, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл 12 400 жаңа оқушы орнының ашылуына мүмкіндік беріп, қолданыстағы мектептердің жүктемесін азайтады. Өткен жылы Сарыөзек ауылында 300 орындық, Береке және Водниково ауылдарында 1200 орындық үш жаңа мектеп пайдалануға берілген. Қазіргі таңда Жұлдыз-2, Жұлдыз-3 ықшам аудандарында, Ақсай-2 кентінде, Құлсары қаласында және Құрманғазы ауданында тағы алты мектептің құрылысы жүргізілуде.
– Алдағы уақытта жаңа мектептер салынып қана қоймай, қолданыстағы мектептерді кеңейту жобалары да әзірленуде. Атап айтқанда, 2025 жылы №3, 17, 22 және 24 мектептерге 250 орындық қосымша корпустар салу жоспарланған, – дейді Света Аманшиева. – Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» жобасы аясында Зарослый ықшамауданында 2000 орындық жаңа мектеп салу көзделіп отыр. Бұл №2, 3 және 17 мектептердің жүктемесін азайтады. Болашақта Ақшағала ықшам ауданы мен драма театр маңынан тағы екі мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл №3, 16, 17 және 24 мектептердегі үш ауысымды оқытуды жоюға мүмкіндік береді.
Спикердің айтуынша, былтыр қараша айында Бесікті ауылында 280 орындық балабақша пайдалануға берілген. 2025 жылы қалада, Исатай және Индер аудандарында тағы алты балабақша салу жоспарланып отыр. Бұл қосымша 800-ден астам орын ашуға мүмкіндік береді.
– Қазір өңірде 337 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оларда 35 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында тоғыз жаңа балабақша ашылып, 4205 қосымша орын құрылды. Жыл соңына дейін тағы төрт балабақша ашылып, мектепке дейінгі біліммен қамту 87,1 пайызға жетеді, – деп атап өтті Атырау облысы білім басқармасы басшысының орынбасары.