Атырауда коммуналдық қызметтер бағасы уақытша төмендетілді

Атырауда коммуналдық қызметтер бағасы уақытша төмендетілді
(0 Votes)

Биылғы қараша айының 1-і мен 2024 жылғы қазан айының 31-і аралығында тұтынушылар көрсетілген коммуналдық қызметтердің ақысын төмендетілген тарифпен төлейтін болады, деп хабарлайды atr.kz тілшісі. 

Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Арман Өтегеновтің түсіндіруінше, мұның мәнісі – жылға қаралған инвестициялық бағдарлама шеңберінде игерілуге тиісті тарифтік сметаны орындамаған табиғи монополия субъектілерін жауапкершілікке тартудың тәсілі. Яғни, бұл жоғарыда келтірілген соманың есебінен тұтынушылардың тарифтік төлемінің мөлшерін төмендету немесе орындалмаған сметаны солардың пайдасына аудару деген сөз.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында республикамызда тариф саясатын түбегейлі қайта қарау қажеттігін меңзеген болатын. «Атап айтқанда, тариф белгілеудің жаңа әдістемесін енгізу және инвесторлардың қызығушылығын арттыру керек. Табиғи монополия субъектілерінің бәріне мейлінше ұзақ мерзімге, көңілге қонымды нарықтық тариф енгізген жөн» деді мемлекет басшысы.

Осы тұрғыда, Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті табиғи монополия субъектілеріне қатысты нақты шараларды қабылдап, кезең-кезеңімен жүзеге асыра бастады. Осылайша, биылғы қазан айында департамент мамандары табиғи монополия субъектілерінің 2022 жылға арналған тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламаларының орындалуы туралы есептеріне талдау жүргізді. Соның нәтижесінде тиісінше шаралар алынды.

Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, онда облыстағы бірнеше табиғи монополия субъектісі қамтылған. Жүргізілген талдау жұмыстарының қорытындысымен оларға жалпы сомасы 2 млрд. 365 млн. теңгені құрайтын уақытша өтемдік тарифтер енгізілген.

Осылайша, тұтынушыларды ауыз сумен жабдықтау қызметін жүзеге асыратын 7 табиғи монополия субъектісі бойынша осындай шара алынған болып шықты. Мысалы, «Индер Су» КМК-нда тарифтік сметаны орындамағаны үшін бұрын қолданыста болған 301,35 теңгенің (қосымша құн салығынсыз) орнына 209,52 теңгенің тарифі енгізілген немесе 30,47%-ға төмендетілген. Өтемдік тарифтің есебінен тұтынушыларға қайтарылатын сома 36 млн. теңгені құрайды. Осы кәсіпорындағы техникалық сумен қамту қызметі бойынша белгіленген тарифтік сметаны орындамағаны үшін биылғы қарашаның басынан келесі жылғы қазанның соңына дейінгі мерзімде қолданылатын тариф – 39,13 теңге/м3 (бұған дейін ол қосымша құн салығынсыз есептегенде 50,79 теңге/м3 болған), 30,22%-ға төмендетілген. Соның нәтижесінде, тұтынушыларға өтемдік тариф түрінде есептелетін сома 4,3 млн. теңгеге жуықтаған.

Осындай бір жылға есептелген өтемдік тариф «Ахмет» ЖК-ін де қамтыды. Мұнда бұрын қолданыста болған 229,89 теңге/м3-дің орнына 17,88 теңге/м3 мөлшерінде өтемдік тариф бекітілген. Яғни, бірден 92,22%-ға төмендетілген. Мұнда банктің қайта қаржыландыру мөлшерлемесін есепке алған жағдайда тұтынушыларға қайтарылуы тиісті сома 14,7 млн.теңгеден асады. Осы секілді «Лотов» жеке кәсіпкерлігінде қолданыстағы 102,2 теңге/м3 көлеміндегі тариф 95,85 теңге/м3-ге немесе 6,21%-ға азайтылған.

Индер ауданындағы Бөдене және Өрлік ауылдарын сумен қамтитын «АгроСтройИндер» ЖШС-інде де жылдық сметаның орындалмауы салдарынан департамент тарапынан тарифтер бір жыл мерзімге төмендетіліп отыр. Ал, «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-нде тарифтік смета орындалмағандықтан 2023 жылғы 1 желтоқсаннан бастап 2025 жылдың 30 маусымына дейін (жыл жарым мерзімге) қолданыстағы тариф 69%-ға төмендетілді. Сондай-ақ, суды бұру қызметін атқаратын 2 табиғи монополия субъектісі (оның бірі – «Индер Су», екіншісі ­– «Karabatan Utility Solutions» ЖШС) қаралған сметаны орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.

Осындай өтемдік тарифтердің жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және жабдықтау қызметімен, сондай-ақ электр энергиясын берумен айналысатын «Саян фирмасы», «Коммунальщик вест» ЖШС-терінде де енгізілгенін білдік. Бұл екеуінде де төмендетілген тариф биылғы 1 қараша мен келесі жылғы 31 қазан аралығында қолданылады. Бұдан басқа, теміржолдағы жүк тасымалы қызметінде кірме жол болмаған жағдайда жылжымалы құрамның (вагондардың) өтуі үшін осы қызмет түрін ұсынатын 2 табиғи монополия субъектісінде бір жыл бойына төмендетілген тариф қолданылады. Олар: «Мобил Транс Атырау» мен «Абсолют Сервис»ТБ» ЖШС-тері. Бұлардың бірінде тарифтердің төмендеуі – 14,77%-ға, екіншісінде – 60,77%-ға тұрақтаған.

Дәулетқали АРУЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT