Бүгінде Атырауда тек "қара алтын" ғана өндіріп қоймай, агроөнеркәсіпті де өркендетуге әбден болады. Мәселен, мұнда арнайы Белоруссия бақтарынан көшет алдырып, жеміс өсіріп жатқан бағбандар бар. Көңіл көншітерлік жайт. Тек солардың қатары көп болса екен дейміз. Десек те...
Мына бір маңызды мәселені ескерген жөн. Жер шары бойынша 47-48 белдеу ендігіндегі климаттық жағдай бірдей емес. Айталық, таулы мен шөлді аймақтағы ауа-райының арасы жер мен көктей. Мысалы, таулы жерлерде жаңбыр жиі жауатындықтан ылғалдың көбеюінен ол аумақ суптропикалық ортаға айналады.
Сол Белоруссияда арнайы торфта, яғни, шымтезекте көкжидек өседі. Онда топырақ қышқылдығы қалыпты мөлшерден (РН 4-5) аспайды. Көкжидек – адам ағзасындағы оксидантқа қарсы бірден-бір ем көзі. Әлгі шымтезекті түркиялық кәсіпкерлер мұхит жағасында өсіріп жатыр. Ал, грузиялық бағбандар бұрынғы шай өсіретін алқаптарын толығымен жыртып тастап, орнына осы көкжидекті өсіріп отыр. Бұл жемісті Атыраудан да таба аласыз. Дәлірек айтқанда, «Насиха» базарында 1,5 мың теңгеге 125 грамм жидек алуға болады. Ал, оның бір килосының бағасы жылқының бірнеше кило ет-қазысынан кем түспейді. Айтқымыз келгені, дәл осындай бизнесті бізге де жасауға болады...
Міне, осы айтылғандарды ескеріп, жасыл бақты жайқалтуға әбден болады. Сөйтіп, табиғи таза өніммен өз отбасыңызды асырай аласыз. Ала жаздай кептірген құрғақ жемістен компот сусынын немесе басқа да өнімдер дайындауыңызға болады. Сусын демекші, бүгінде сауда сөрелерінде сатылып жатқан шырындарға шілденің шіліңгірінде шыбын қонбайтынын байқауға болады. Бұл олардың табиғи өнімнен айтарлықтай алшақ жатқанын аңғартады. Нағыз табиғи алманың ішінде құрт болуы тиіс деген де тәмсіл бар. Тіпті, керек деп тапсаңыз, өзге тұрғындарды да жергілікті өніммен қамтып, бизнес жасауға бөгет жоқ. Тек Абай атамыз айтпақшы, «ынталы жүрек пен шың көңіліңіз» болса жеткілікті.
Мұрат Жолашар,
Жалғансай ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер