Атырауда Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай мерекелік іс-шара өтті

Атырауда Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай мерекелік іс-шара өтті
(0 Votes)

 Бүгін Атырауда Ауғаныстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылғанына 35 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Іс-шарада облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов Ауған соғысының ардагерлерін құттықтады.

-Соғыс қашан да оңайға түспейтіні белгілі. Әсіресе, таулы жердің қиындығына сіздер куәсіздер. Ардақты ардагерлер, сіздер Отан алдындағы борыштарыңызды өтедіңіздер. Берген серттеріңізді орындап, бұйрыққа бағындыңыздар. Ар алдында да, ел алдында да адал қызмет еттіңіздер-, деді М.Өтешов.

Сондай-ақ М.Өтешов, соғыс ардагерлеріне төсбелгі мен алғыс хаттарды табыс етті. «Қас батыр» медалімен Ұзақбай Жұмабаев, Исақ Балашев, Мүтиғолла Нұржанов, Наурызғали Медеуов, ал «Атырау ардақтысы» алтын төсбелгісімен Альберт Жақияев марапатталды. Оған қоса Ауған соғысы ардагерлер кеңесі төрағасының алғыс хаты Бейімбет Үлкенбаев, Еркен Үсенов, Нұрлан Қалекенов, Мұратбек Кенжеахметов, Галиаскар Ахбаевқа табысталды.

Сонымен қатар іс-шарада бұдан бұрын ардагерлер арасында кіші аяқ доптан өткен турнирде жеңіске жеткен жеңімпаздарға кубоктар табыс етілді.

Өз кезегінде Атырау облысы бойынша Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Алишер Кулов жыл сайын өңірде ардагерлер арасында шахмат, дойбы, футбол, волейбол және тағы да басқа спорттық ойындар ұйымдастырылып, жастарға салауатты өмір салтын үлгі етіп келе жатқанындарын айтып өтті.

Айта кетейік, ардагерлер бүгінгі күндерін Атырау қаласындағы «Мәңгілік алау» мен Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, қаруластарын еске алып, тағзым етумен бастаған болатын.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT