Атырау қаласында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Атырау облыстық аймақтық филиалының алаңында жергілікті атқарушы орган, Атырау облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен кәсіпкерлер өкілдерінің қатысуымен жұмысшылар кездесуі өтті, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Іс-шараның негізгі мақсаты – шағын және орта бизнес субъектілерін мемлекет ұсынатын қаржылай қолдау құралдарымен таныстыру және олардың тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету.
– Қазіргі кезде мемлекеттік және жергілікті бағдарламаларға бірқатар өзгеріс пен толықтырулар енгізілуде. Сонымен қатар кәсіпкерлік субъектілеріне бағытталған нормативтік-құқықтық актілер де жаңартылып жатыр. Сол өзгерістерді өңір кәсіпкерлеріне кеңінен түсіндіру, насихаттау мақсатында «Кәсіпкерлікке бағыт» атты бастамамен осындай кездесулер ұйымдастырып отырмыз, – деді Атырау облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының м.а. Нұрдәулет Жұмаситов.
Кездесу барысында кәсіпкерлерге «Даму» қорының жаңа бағдарламалары бойынша ұсынылатын мемлекеттік қолдау тетіктері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Атап айтқанда, пайыздық мөлшерлемені портфельдік субсидиялау, 1 және 2 кепілдік қорлар аясында несиелерді кепілдендіру, сондай-ақ «Өрлеу» бағдарламасы аясындағы жеңілдікті несиелеу шарттары бойынша жан-жақты ақпарат берілді.