Атырауда экологиялық заңды бұзғандарға 1 млрд теңгеге жуық айыппұл салынды

(0 Votes)

 Атырау облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған брифинг барысында өңірдегі экологиялық ахуал, жол картасы аясында атқарылған шаралар мен алда тұрған міндеттер туралы баяндады.

 Спикердің сөзінше, басты мәселе — атмосфералық ауаның ластануы. Бұл бағытта департамент тарапынан өндіріс орындарымен бірлесіп, зиянды заттардың шығарылуын төмендетуге бағытталған нақты жұмыстар жүргізілуде.

- Экологиялық ахуалды жақсартудағы басты мақсатымыз – өнеркәсіптік шығарындыларды азайту, заманауи технологияларды енгізу және қалдықтарды тиімді басқару. 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасының 45 тармағының 9-ы толық орындалып, жетеуі тұрақты жүзеге асырылып жатыр. Алайда 23 іс-шараның мерзімі әлі аяқталмаған, - деді А.Жүсіпов.

Сонымен қатар экологиялық заңнаманың сақталуы бойынша 2025 жылдың өткен кезеңінде 16 тексеріс жүргізіліп, 38 құқықбұзушылық анықталған. Нәтижесінде 916 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Бірқатар резонанс тудырған істер бойынша («Ембімұнайгаз», «Karabatan Utility Solutions», «ANACO», «Қожан» АҚ) тиісті шаралар қабылданды.

А.Жүсіповтың мәліметінше, экология саласында оң өзгерістер де бар.

- Атырау қаласында қоқыс сұрыптау кешені іске қосылып, қайта өңдеу көрсеткіші артты. Бірнеше экопункт пен қайта өңдеу кәсіпорындары халыққа қолжетімді қызмет көрсетіп отыр. Жергілікті бюджет есебінен 2025-2027 жылдардағы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған іс-шаралар жоспары бекітілді, - деді ол.

Айта кетейік, экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында он мыңнан астам адам қатысқан сенбіліктер, ағаш отырғызу акциялары, сурет байқаулары, студенттер мен оқушыларға арналған экскурсиялар ұйымдастырылған.

Брифинг соңында Асқар Жүсіпов Қоршаған ортаны қорғау күнімен табиғат жанашырларын құттықтап, саланың ардагерлері мен белсенділерін марапаттау рәсімі өтетінін атап өтті.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT