Атырауда дін істері басқармасы студенттерді жұмыспен қамтуда

(0 Votes)

Қазіргі уақытта Атырау облысы дін істері басқармасы 20 студентті тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл туралы «Жәрдем – Атырау» қорының директоры Артур Айтмағамбетов хабарлады.

«Еліміздің батыс өлкесі, әсіресе Атырау облысында дін ұстанушы азаматтар қатары артып келеді. Дәстүрлі мәзһабтан бөлек, жат ағымдардың да қатары көп екені белгілі. Сол себепті, Атырау облысы дін істері басқармасы аймақтағы діни ахуалды жақсарту мақсатында бірқатар жобаларды қолға алып отыр. Соның арқасында мемлекеттік грант иеленген студенттер жұмыс істеп жүр. Олар әлеуметтік желі арқылы халықты ақпараттандырып, жұмыстарын жүргізуде» дейді «Жәрдем – Атырау» қорының директоры Артур Айтмағамбетов .

Қазіргі уақытта 23 студент әсіресе, жастар кеңінен қолданатын инстаграм, тик ток, телеграм сынды әлеуметтік желілерінде контент жасауда. Ондағы мақсат – терроризм, радикалдық идеологияның алдын алу, дәстүрлі дінді насихаттау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.

«Шыны керек, қазіргі уақытта жастар рилс форматтағы контенттерге көбірек қызығады. Әлеуметтік желілерде стористардың да тұрақты жүргізіліп отыруы маңызды. Осыған байланысты, студенттеріміз діни үлкен мәселелерді жастарға ұғынықты тілде әрі қызықты форматта әлеуметтік желілердегі парақшаларына жүктеп отырады. Облысымызда теологтар әлі де болса жеткіліксіз. Біздің мақсат – студенттерді кәсіби мамандануға осы бастан бейімдеу» дейді «Жәрдем – Атырау» қорының директоры Артур Айтмағамбетов.

Ақпараттандыру тобында мобилографтар, смм мамандары мен теологияны меңгеріп жүрген жастар бар. Соның бірі – Алматыдағы Нұр - Мүбарак университетінің 2-ші курс студенті Саламат Иманғалиев. Оның айтуынша, қазіргі қоғамда әлеуметтік желінің рөлі маңызды болғандықтан, ақпараттық-танымдық контентті қоғамға көбірек ұсынудың маңызы жоғары.

Жоба жетекшілері келесі жылы жоба аясын кеңейтіп, 60 студентті жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT