Атырауда дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернаты ашылды

(0 Votes)

Атырауда дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернаты ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Мектеп-интернаттың директоры Қайрат Досқалиевтің айтуынша, білім ордасына 150 бала қабылданады. Қазір 199 үміткер құжат тапсырған. Мұнда оқушылар еркін күрес, бокс, дзюдо, таеквондо секілді олимпиадалық спорт түрлері бойынша жаттығады.

Спорттық бағыттағы білім ордасында тәлім алу үшін құжат тапсырғанның бірі – Бекзат Мұстағалиев. Махамбет ауданында тұратын өрен 6 жылдан бері дзюдомен айналысады.

«Біз бұл мектеп-интернаттың ашылуын асыға күттік. Өзіміз таңдаған спорт түрінен шеберлік шыңдап, Олимпиада чемпионы болуға ұмтыламын. Өйткені мұнда біліктілік арттыру үшін мол мүмкіндік бар», - дейді Бекзат Мұстағалиев.

Махамбет ауданының Сарайшық ауылында тұратын Қадырбек Шаймарданов немересін ертіп келген.

«Ауыл балалары Атырау қаласындағы дзюдо клубына келіп, жаттығып жүр еді. Қалаға қатынау үшін балалар уақыт жоғалтады. Оның үстіне жолда жүру шаршатады. Енді жаңа мектеп-интернат ашылғанын естіп, немеремді әкелдім. Қазір оларды олимпиада ойындарына дайындауға мүмкіндік жасалып отыр», - дейді Қадырбек Шаймарданов.

Спорт мектебіне қабылдау емтиханына жаттықтырушылар мен чемпиондар шақырылған. Мәселен, еркін күрестен әлем чемпионы Талғат Сырбаздың айтуынша, спортқа ден қойған әр бала қиындыққа төзімді болуы қажет.

«Олимпиада, әлем чемпиондарының дені ауылдан шығады. Мен де ауылда өстім. Ауылда жаттығып жүріп, әлем чемпионы болдым. Енді ауылдың балалары олимпиадалық спорт түрлеріне дайындайтын мектеп-интернатта шыңдалатынына қуанып тұрмын. Бұл – жасөспірімдерге берілген үлкен мүмкіндік. Жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, чемпион атануы үшін шыдамды әрі еңбекқор болғанын қалар едім», -дейді Талғат Сырбаз.

Мектеп-интернаттағы сабақ 1 қыркүйекте басталады. Мектептегі пәндермен бірге, екі мезгіл жаттығу сабағы өтеді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын 227 мыңнан астам атыраулық спортпен тұрақты шұғылданатынын жазған едік.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT