Атырауда «Азан» радиосы ашылды

(0 Votes)

Атырау облысы әкімдігі дін істері басқармасының мемлекеттік тапсырысы аясында аймақта алғаш рет ақпараттық-танымдық «Азан» интернет радиосы іске қосылды. Руханияттың ұйытқысына айналған «Иманғали» мешітінің жанынан ашылған радионың алғашқы эфирінің шымылдығы ресми түрде ашылып, тілеулес азаматтардың басын қосқан салтанатты жиын ақ батаға ұласты.

Бұған дейін де діни ақпарат тарататын телеарна, сайты бар муфтияттың облыстағы өкілдігінде алға қойған жоспарлары көп екендігін айтады. Әзірге интернет арқылы жұмыс істеп тұрған радионың болашақта радиотолқын арқылы жұмысын жандандыру көзделген.

Ақжолтай жаңалықпен Атырау жұртшылығын құттықтай келген наиб мүфти, шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Шоқанов, бас мүфти кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай секілді белгілі азаматтар радионың ашылу салтанатына қатысты.

– Бала туылған кезде ең бірінші азан айтылады. Алла Құранда: «(Мұхаммед) оларға: «Ол сондай Алла, сендер үшін есту, көру және сезуді жаратқан. Сонда да аз шүкір етесіңдер» де» деп айтады.

Адам баласы дүниеге келгеннен кейін ең бірінші естиді. Ал, 3-4 айдан кейін ғана көре алады.

Пайғамбарымызға да уахи айтылу арқылы келді. Ең алғашқы аят: «…Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы!..» деген. Сондықтан Мұхаммед пайғамбардың үмметінде қарилар көп. Тек қана көру арқылы адам баласы тілін дұрыстай алмайды. Еститін адам ғана сөйлей алады. Сіздердің радиоларыңыз елімізде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақ халқына пайдасы тиюін нәсіп етсін, – деді Сансызбай Құрбанұлы.

– Радио тек қана жаңалықтармен ғана шектелмей, ағартушылық бағытта да жұмыс істейді. Пайғамбарлардың тарихы, халқымыздың тарихы, дін қайраткерлерінің өмірі баяндалатын болады. Әсіресе тарихи-танымдық, мәдени-ағартушылық, діни сауықтыру және қоғамның өзекті мәселелерін ашық алаңда талқылау арқылы тыңдарманмен ұдайы кері байланыста болу – «Азан» радиосының басым бағыттарының бірі.

«Азан» радиосы дін мен дәстүр, тарих пен мәдениеттің біртұтастығы негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, радикалды діни ағымдарды алдын-алуға бағытталған заманауи ақпараттық платформа. «Азан» радиосының ұжымына сәттілік тілейміз. Жұмыстарыңыз жемісті болсын, – деді облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Қаһарман Мұсаев.

Аптасына жеті күн, жиырма төрт сағат эфир тарататын радиостанцияда қазіргі тыңдарманның сұранысын қамтамасыз етуге барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, интернет-радио тыңдарманның көкейінде жүрген сұрақтарға сала мамандарын шақырып, жауап беруге ынталы. Сондай-ақ түрлі жағдаяттар алдында алдында таңдауда тұрған жас буынға жол көрсетуге, билік пен қоғамның бір арнада тең тоғысуына мұрындық болатын пікірталас ортасына айналмақ.

Сонымен қатар «Азан» радиосы зерделі ақпаратты таратуға, үйретуге және жол сілтеуге бағыттайтын нұсқаушы болуды көздейді. Еліміз бен шетелдердегі әр саланың білікті мамандарымен диалогтар орнату арқылы радиотыңдаушылардың ақпараттық қажеттілігін қамтамасыз ету көзделіп отыр. Радиоға 25 пен 50 жас аралығында аймақтағы БАҚ ұзақ жылдар бойы еңбек еткен білікті журналистер мен редакторлар тартылды. Олар эфир және әлеуметтік желідегі контентті толықтыру, хабюар мазмұнына сәйкес мәліметтерді дайындау, интерактивтік және ақпараттық жеделдікті қамтамасыз ету мақсатында заманауи студиямен жабдықталып отыр. «Азан» радиосының алғашқы қонағы болу мәртебесі де наиб мүфти, шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлының еншісіне тиді. Наиб мүфти радионың алдағы жұмысына сәттілік тілеп, өміршең болуына тілектестік білдірді.

Алмас ҚАБДОЛОВ

сурет автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT