Атырауда алты келешек мектебі салынуда

Атырауда алты келешек мектебі салынуда
(0 Votes)

«Келешек мектебі» ұлттық жобасы бойынша өңірде 6 білім ордасы салынып жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

2025 жылы Атырау облысында «Келешек мектебі» ұлттық жобасы шеңберінде алты оқу ордасын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл мектептерде бір ауысымда 5100 бала білім алады.

6 мектептің үшеуі облыс орталығында орналасқан. Нақтырақ айтқанда, Ақсай-2, Жұлдыз-2, Жұлдыз-3 ықшам ауданының әрқайсысында балалардың бар жағдайы қамтылатын 900 орындық білім беру ұйымы салынып жатыр. Құрманғазы ауданына қарасты Құрманғазы мен Ақкөл ауылдарында бір ауысымда 600 балаға білім беретін мектеп бой көтеруде. Ал 1200 орындық тағы бір жайлы мектеп — Құлсары қаласындағы Атырау шағын ауданында.

Жайлы мектептерде шәкірттер мен ұстаздарға толыққанды жағдай жасалады. Олардың қауіпсіздігі де ұмыт қалған емес. Жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау камералары орнатылып, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін кедергісіз орта қалыптастырылды. Бастауыш және жоғарғы сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған. Мектеп ғимаратында  спорт залы, бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған  асханалар, акт залы және кітапхана бар. Сонымен қатар психолог, логопед, медициналық кабинеттерімен, заманауи үлгідегі оқу сыныптарымен, физика, химия зертханаларымен және STEM кабинеттерімен жарақталған.

«Біз биыл өңірде 6 білім ордасының құрылысын аяқтап, тапсыруды жоспарлап отырмыз. Келер жылы үшеуін пайдалануға бермекпіз. Жайлы мектептер өңірдегі үш ауысымда оқытатын білім беру ұйымдарының мәселесін шешуге көмегін тигізеді. Мысалы Жұлдыз-2, Жұлдыз-3 ықшам ауданында салынатын жайлы мектептер №39 орта мектептегі үш ауысымда оқыту мәселесін шешеді» дейді облстық білім беру басқармасындағылар.

Жалпы 2023-2025 жылдары «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында өңірде білім беретін 12 мекеме салу жоспарланған.

Былтыр бір ауысымда 2700 бала оқитын 3 жайлы білім ордасы  тапсырылғанын айта кетейік.

Аман ШАМАР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT