Атырауда 86 жастағы зейнеткер тұрғындарды таңқалдырды!

(0 Votes)

Атырауда көпқабатты үйде тұрса да, бақ өсірумен айналысатын тұрғындардың еңбегі еленді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Әдетте егінді айтпағанда, қарапайым көгалдандырудың өзі сөз бола қалса, «бұл үшін арнайы егіс алқабы керек» деген уәждер айтыла бастайды. Осы орайда, алыстағы ауыл-аймаққа бармай-ақ, қаланың қақ ортасында егін егіп отырған жандар барын еріксіз еске салуға тура келеді. Тіпті, балконда да бақ өсіріп жатқандарды көргенде, сүйсінбеске шараң қалмайды. Балконды былай қойғанда, көпқабатты үй тұрғындары өз ауласында бір-бір жеміс ағашын жайқалтуына болады ғой!

Міне, сондай жандардың бірі – Қайырғали Смағұлов көшесіндегі №56 үйдің тұрғыны – Қазимаш Сабырова. Ол аядай аулада өсіріп жатқан гүл бағын күн сайын күтіп-баптап отырады. Жасы сексенге жақындаған ардагер ұстаз әлі тың. Кезінде білім беру бөлімін басқарып, мектеп директоры болған ол зейнет жасына жеткен соң гүл өсіруді қолға алғанын айтады.

– Жалпы, жасыл желекке жаны құмар адам күн сайын таза ауамен тыныстап отыруға мүмкіндік алады. Сөйтіп, денсаулығы жақсарады, көңіл-күйі де көтеріңкі болады. Бұл, әсіресе, қала тұрғындары үшін өте пайдалы. Өйткені, олар көп уақытын ғимараттар мен кеңсе ішінде өткізеді. Тіпті, сол кеңседегі гүлдердің өзін суаруға уақыт таппай жатады. Ал, бұрынғы кездері кеңсе жұмысшылары бір сәт кабинеттен шығып, табиғат аясында арнайы үзіліс жасаушы еді. Қазір ондай жоқ. Өйткені, уақыт тапшы. Сондықтан, демалыс күндерін үйде емес, сыртта, әсіресе, тал-теректің саясында өткізген тиімді. Мәселен, біз отбасымызбен бос уақытымызды гүлдерді күтіп-баптаумен өткіземіз. Бізді осы маңдағы тұрғындардың бәрі біледі, - дейді ол.

Жуырда 86 жастағы зейнеткер "Таза аула – Таза қала" акциясының жеңімпазы атанды. Ол өзі тұратын көпқабатты үйдің ауласын тазалап, жыл сайын көгалдандыруды әдетке айналдырғаны үшін “Экотолқын” фестивалінде марапатқа ие болды. Сондай-ақ, фестиваль аясында жүзге жуық студент экологиялық бағыттағы шеберлік сағатына қатысып, өз жобаларын ұсынды. Олардың арасынан С.Мұқашев атындағы политехникалық колледжінің студенттері дайындаған жоба үздік деп танылған. Студенттер экологиялық мәдениетті арттыру және қоқыс сұрыптау процесін жеңілдету мақсатында жәшіктердің жанына түсіндірме плакаттарын ілуді ұсынды.

- Үш кезеңді қамтитын іс-шарада студенттердің ерекше жобаларымен танысып, білімдерін шыңдау мақсатында «Эко әлем» ойынын ұйымдастырдық. Олардың арасынан белсенділерді анықтап, оларға арнайы жүлделер табысталды. Сонымен қатар, қала тұрғындары арасында өткен "Таза аула - Таза қала" акциясының жеңімпаздарын жұмыстың жасалғанын дәлелдейтін суреттерге қарап анықтадық. Жүлдегерлерге жалпы көлемі 150 мың теңге ақшалай сертификат табысталды, - дейді «Инфо Орталық» қоғамдық бірлестігің төрағасы Заманбек Құрақбай.

Айта кетейік, іс-шара облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мен «Инфо Орталық» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, «Экологиялық ағарту және насихаттау жұмыстарын жүргізу» жобасы аясында өтті.

Бүгінде, тіпті, бір бөлменің ішінде құлпынай құлпыртып, жапырақ жайқалтып отырғандар да бар. Тек терезеден күн сәулесі түсіп тұрса, соның өзі жетіп жатыр. Осындай игі істі иіріп отырған Атырау қаласының тұрғыны Сәуле Шайхиева құлпынаймен қатар авокада мен лимон өсімдігінен де өнім алады екен. Оның айтуынша, сырттан саудаланып жатқан жеміс-жидекті өзімізде де өсіруге болады. Иә, ерінбеген адамның қолынан бәрі келеді. Бұл ретте, біреулер «пәтерде піскен жеміс дәмсіз болады» деуі де мүмкін. Әйтсе де, мұны біз мысал ретінде ғана келтіріп отырмыз. Ал, оның қасында қала тұрғындары жылыжайдың да жемісін жеп отырған жоқ па? Олай болса, егін еккісі келген жан жөнін табады.

Қалай десек те, алдыңғы толқын аға-апалар кейінгі кіші буынға үлгі көрсетуі тиіс. Себебі, нарықтың шырмауына шырмалған бүгінгі ұрпақ жерге дән егіп, қашан жеміс піскенін күткісі келмейді. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп үйренген олар ауадан ақша жасауға үйір. Сондықтан егін егу мен жасыл желек жайқалтуға тек кәсіп ретінде ғана қарамай, отбасылық құндылыққа айналдырған абзал. Уақыттың өзі бізге мұны мойындатып отыр.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT