109 бірыңғай байланыс орталығы интернет-алаяқтықтың алдын алуға көмек береді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Өңірдегі цифрландыру орталығы мен полиция департаменті арасында жасақталған екіжақты меморандумға 109 қызметі интернеттегі алаяқтық бойынша колл-орталық ретінде бекітілген. Келісім аясында 2024 жылғы 1 қазаннан бастап облыс тұрғындарынан интернет-алаяқтыққа қатысты қоңырауларды қабылауды жүзеге асырып келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. "109" Call орталығына интернет-алаяқтық санаты бойынша 2024 жылдың 1 қазанынан бүгінге дейін 229 қоңырау келіп түскен. Орталық операторлары алаяқтық әдістерін қалай тануға болатынын, күдікті әрекеттер болған жағдайда не істеу керектігін және қандай шаралар қолдану қажеттігін түсіндіреді.
- Колл-центрдің басты функцияларының бірі — интернет қауіпсіздігі бойынша кеңес беру. Тұрғындар 1-0-9 нөмерін теріп, бізбен тегін желі арқылы байланыса алады. Олар интернет-алаяқтыққа қатысты барлық мәліметке жауап ала алады, кейін қылмыстық фактіні ресми түрде тіркеу үшін 102-ге жалғанады,- деді 109 бірыңғай байланыс орталығының баспасөз хатшысы Азиза Тәжікова .
Меморандум аясында полиция департаментінің қызметкерлі 109 колл-орталығының мамандарына түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстарын аптасына бір мәрте жүргізіп отырады.
- Бұл келісім азаматтардың қаржылық қауіпсіздігі мен сауатын арттыру, интернет-алаяқтықтың алдын алу және тұрғындарға тәулік бойына қолжетімді байланыс желісін іске қосуға мүмкіндік береді. Операторлар тек ақша жоғалту мәселелері бойынша кеңес беріп қоймай, жәбірленушілерді тиісті органдарға, яғни, полиция немесе қаржы ұйымдарына жіберіп, оқиғаны зерттеп, жоғалған қаражатты қайтару бойынша көмек көрсетеді. Сонымен қатар жәбірленушілерге есептік жазбаларды бұғаттауға және қосымша шығындардың алдын алуға көмектеседі,- деді Атырау облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Расул Жолдас.