Атырау жұртшылығы ардагер журналист Айтқали Нұрғалиевті соңғы сапарға шығарып салды

(0 Votes)

Бүгін атыраулықтар өңірдің абыз ақсақалы, ардагер журналист Айтқали Нұрғалиевті «Атырау-Ақпарат» ғимаратының алаңында қимастықпен ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды atr.kz Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Атырау журналистикасының дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ардагермен қоштасуға жиналған халық қарасы мол болды. Қаралы жиында облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев журналистердің ұстазы Айтқали Құмарғалиұлының ақпарат саласындағы өлшеусіз еңбегіне тоқталды.

«Атырау облысының Құрметті азаматы» Нұрпейіс Мақашев ағайындай болып кеткен құдасының азаматтық қасиетін айтып, отбасына қайғыра көңіл айтты. Сондай-ақ жерлесі, публицист-жазушы Өтепберген Әлімгереев А.Нұрғалиевтің шебер ұйымдастырушылық қабілетін сөз етіп, басшылық қызметте жүргенде әр қызметкермен жеке жұмыс істеп, әрбірінің қасиетін бағалайтын қырын айтып өтті.

Сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов пен «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбайдың көңіл айту жеделхаттары оқылды.

Айтқали Нұрғалиев 1946 жылы 27 тамызда Құрманғазы ауданында дүниеге келген. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 1967-1979 жылдар аралығында сол кездегі «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газетінің әдеби қызметкері, бөлім басшысы, редакциялық алқа мүшесі болды. 1979-1987 жылдары Қазақстан Компартиясы Гурьев обкомы насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы, 1987-1995 жылдары халық депутаттары Гурьев облыстық Кеңесі атқару комитетінің жанындағы телерадиохабарларын тарату комитетінің төрағасы, 1989-1992 жылдары облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болды. Өңірлік телевизияның ашылуына бастамашы болып, облыстық телеарнаға біраз жыл жетекшілік етті.

Айтқали Құмарғалиұлы өңірде телеарна негізін қалап, Атыраудың медиа саласын дамытуға сүбелі үлес қосты. Талай азулы журналисттерді тәрбиелеп шығарды. Оның бастамасымен Атырауда алғаш рет аймақтық деңгейде көркем телесериалдар түсіріліп, көрсетіле бастады. Өзі негізін қалаған «ATYRAY» телеарнасының ғимаратында «Айтқали Құмарғалиұлы атындағы медиа аудитория» ашылған.

А.Нұрғалиев Атырау қаласының және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі атақтарымен қоса, «Ерен еңбегі үшін», «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы», «Золотой вестник», «Ақпарат саласының үздігі» және көптеген марапат иесі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT