Атырау облысында жыл соңына дейін 12 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады

Атырау облысында жыл соңына дейін 12 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады
(0 Votes)

  Атырау облысында еңбек заңнамасының сақталуына қатысты тұрғындардан шағым көбейген. Биылғы 8 айда Еңбек инспекциясы департаментіне екі мыңнан астам өтініш түсті. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға артық көрсеткіш. Халық негізінен жалақының кешіктірілуі мен еңбек шарттарының бұзылуына наразы. Ол жөнінде  Мемлекеттік Еңбек инспекциясы комитетінің АОД басшысы Игілік Әубәкіров мәлімдеді.

Жыл басынан бері аймақта 200-дей тексеріс жүргізіліп, 188 заңбұзушылық анықталды. Нәтижесінде жұмыс берушілерге айыппұл салынып, қызметкерлердің еңбекақы қарыздары өтелді. Дегенмен өңірде 12 кәсіпорында 48 миллион теңгеден астам жалақы берешегі бар. Бұл мәселені шешу – инспекцияның басты бақылауында. Өндірістік жарақаттар да азаймай тұр. 8 айдың ішінде 41 жазатайым оқиға тіркеліп, 46 адам түрлі деңгейдегі жарақат алған.

- Негізінен айыппұл салу – түпкі мақсат емес. Бастысы – жұмыс берушінің заңды міндетін орындап, жұмысшылардың құқығын қалпына келтіру. Сондықтан біз тексерістермен қатар түсіндіру жұмыстарын да жиі жүргіземіз, - деді Игілік Әубәкіров.

2025 жылғы Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында облыста жалпы 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. 1 қыркүйекке дейін 19 мыңнан астамы құрылып үлгерді.

- Есепті кезеңде облыстың мансап орталықтарына 49 мыңнан астам азамат жүгінген. Олардың 27 мыңнан көбі әлеуметтік қолдаумен қамтылды. Қазірдің өзінде 11 мыңнан астам тұрғын жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар 2,5 мыңнан астам адам онлайн skills арқылы оқып, жаңа мамандық иесі атанды. Ал «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен 95 адам тегін оқыту курстарынан өтті. «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 1,9 мың адам кәсіпкерлік негіздерін меңгерді. Жалпы, облыстағы жұмыссыздық деңгейі бүгінде 5 пайызды құрайды. Әйелдер арасындағы көрсеткіш – 4,8 пайыз болса, жастар арасындағы жұмыссыздық 2,3 пайыз деңгейінде, - деді Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Әбілхасымов.

Жыл соңына дейін облыста 11825 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ал мемлекеттік бағдарламалар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлап, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталып отыр.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT