Атырау облысында газ саласындағы реформалар талқыланды

Атырау облысында газ саласындағы реформалар талқыланды
(0 Votes)

 Атырауда ҚР Энергетика министрлігі, «QazaqGaz» АҚ, Табиғи монополияларды реттеу комитеті, сондай-ақ облыс әкімдігі, қоғам белсенділері мен жергілікті тұрғындардың қатысуымен газ саласын дамыту мәселелері бойынша кездесу өтті.

Жиында негізгі басымдық елді тұрақты газбен қамтамасыз етуге бағытталған реформаларға берілді. Соңғы он жыл ішінде ішкі нарықтағы газ тұтыну көлемі 80 пайызға артқаны айтылды. «QazaqGaz» өкілдерінің сөзінше, бүгінде тұрғындар үшін белгіленген бөлшек баға газдың өзіндік құнынан әлдеқайда төмен. Бұл жағдай ұлттық оператордың қаржылық жүктемесін арттырып, инфрақұрылымды жаңғырту мен инвестиция тарту мүмкіндігін шектеп отыр.

 – Біздің басты міндетіміз – елдің энергетикалық қауіпсіздігін ұзақ жылға қамтамасыз ету. Қазіргі жағдай жүйелі реформасыз газ саласын әрі қарай дамыту мен тұтынушыларды сенімді түрде газбен қамтамасыз етуді қиындатады. Сондықтан біз ауқымды инфрақұрылымдық жаңғыртуға, геологиялық барлауға инвестиция тартуға, әрі жалпы газ жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды қолға алдық, – деді ҚР Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов.

 Қатысушыларға жоспарланған реформалардың негізгі бағыттары кеңінен таныстырылды. Алдымен магистральдық газ құбырлары мен компрессорлық станцияларды жаңғырту арқылы газ тасымалдау жүйесінің өткізу мүмкіндігін арттыру көзделіп отыр.

 Сонымен қатар қосылған құны жоғары өнім – полиэтилен мен пропилен өндіруге арналған жаңа газ өңдеу зауыттарын салу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықты газбен қамту аясын кеңейтуге және тозығы жеткен тарату желілерін күрделі жөндеуден өткізуге мүмкіндік береді.

 Айта кетейік, мұндай кездесулер бұған дейін Жетісу, Алматы және Қызылорда облыстарында өткізілген. Алдағы уақытта еліміздің барлық өңірін қамту жоспарланып отыр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT