Аймақта балаларды спортқа баулу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Өңірде 17 спорттық секциямен 22 мыңнан астам бала шұғылданады, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 75,7%-ға өсті. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлім етті.
- Дені сау ұрпақ қалыптастыру және балалардың спортта айтарлықтай жетістікке жетуіне жағдай жасау үшін спорттық нысандардың санын арттырып жатырмыз. Жыл басынан бері аймақта 5 спорттық нысан ашылды. Қазіргі уақытта 14 нысанның құрылысы жүруде. Өңірде спортпен шұғылданатын бала саны 20 358-ге жеткен. Жас ұрпақтың салауатты өмір салтын сақтануға тырыс жүргендері қуантады, -деді Серік Шәпкенов.
Сонымен қатар Серік Шәпкенов 2025 жылы саланы цифрландыру жұмысы басталатыны туралы айтты. Бұл бөлінген қаражаттың жұмсалуын қадағалауға, кәсіби спортшылар мен спорт саласы қызметкерлерінің деректерін жинауға, спортшыларды іріктеу процесінде ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы жұмыстан бөлек келер жылы 12 мың адамға арналған стадионның және ұлттық спорт кешенінің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Жалпы аталған жобалар спорт саласының дамуына серпін беріп, өңірдегі жас спортшылардың кәсіби шыңдалуына жағдай жасайды.