Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылары мен құрылымдық бөлім жетекшілері «Менің атаулы ағашым» акциясына қатысты. Іс-шара барысында зауыт саябағы аумағында 120 түп қарағаш, шаған, айлант және катальпа көшеті отырғызылды.
«АМӨЗ» ЖШС бас директоры Абзал Досжанов ағаш отырғызу тек зауыт аумағын абаттандыруға ғана емес, сондай-ақ экологиялық жағдайды жақсарту үшін де пайдалы, игі іс екенін атап өтті. А.Досжанов алдағы күндері бастау алатын АМӨЗ аумағын санитарлық тазалау және абаттандыруға арналған жалпызауыттық науқан барысында да ағаш егу жұмыстарының жалғасатынын айтты.
Айта кетейік, Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметкерлері қалалық және республикалық экологиялық акцияларға тұрақты түрде қатысады. Компания биыл да шаһар аумағын көгалдандырып, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған іс-шараларды іске асыруын жалғастырады.