Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында футбол клубтарын мемлекеттен қаржыландыруды тоқтатып, оларды бизнес негізінде дамыту қажеттігін атап өтті. Бұл мәселе бұрыннан айтылып келеді. Дегенмен, оның жүзеге асуы үшін алдымен шешілмеген түйткілдерді ескеру қажет.
Белгілі спорт журналисі Ермұхамед Мәулен бұған қатысты газетке тұшымды пікір білдіріп, өткір ойларымен бөлісті.
Оның сөзінше Қазақстанда футбол клубтарын сатып алуға кәсіпкерлердің ынтасы төмен. Себебі сататындай тартымды клубтың өзі жоқ.
– Мәселен, «Атырау» футбол клубын алайық. Оның өз стадионы жоқ, клубтың балансында мардымды мүлкі де жоқ. Қолданыстағы нысандар клубтың иелігіне берілмеген. Жаттығу базасы ретінде пайдаланылып отырған «Судоремонтник» кешенінің жағдайы мүшкіл. Оның алаңдарының астынан цемент шығып жатыр, ғимараттары тозған, соған қарамастан бұл жерде бес жүзге жуық бала футбол ойнап жүр. Осындай көріністі көрген ірі кәсіпкер клубты сатып алуға құлық танытпайды. Егер клубтың иелігінде он гектар жері болса, инвестор сатып алып, сол жерге жаңа нысандар тұрғызар еді. Бірақ ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан кез келген кәсіпкер «Атырау» футбол клубына ақша құюдан бұрын, мемлекет өзі ұстай берсін деген ұстанымда болады. Атыраудан шыққан белгілі кәсіпкерді мысалға алуға болады. Оның бизнесі түгелдей туған жерінде дамығанымен, ол «Атырау» клубына қызығушылық танытпайды. Керісінше, елдегі ірі футбол клубын қаржыландыруға ниет білдіріп отыр. Жуырда ол сол клубтың директорлар кеңесіне кірді және алдағы уақытта қаржысын салып, клубты өз қолына алуы мүмкін, — дейді спорт журналисі.
Бұл жағдай көп нәрсені аңғартады. Кәсіпкер туған жерінің емес, басқа клубтың әлеуетін көріп отыр. Яғни мәселе клубтың тартымдылығында жатыр.
Спорт журналисі осы тұста негізгі жауапкершілік облыстық әкімдікке жүктелетіндігін айтты. Егер клубты жекеменшікке беруді жоспарласа, алдымен оны инвесторға тартымды етіп ұсынуы қажет. Қарапайым мысал, тәттіні жай ғана жекелеп сатсаң құны арзан болады, ал оны әдемі қорапқа салып, брендке айналдырсаң, бағасы бірнеше есе қымбаттайды. Дәл осы қағида футбол клубтарына да қатысты. «Атырау» футбол клубының да тартымды болуы үшін алдымен «Судоремонтник» базасын клубтың балансына өткізіп, күрделі жөндеу жүргізу қажет. Ол үшін шамамен 1 миллион еуро немесе 500 миллион теңге бөлу керек. Сонымен қатар қаланың шетінен он гектар жер бөліп, жаңа стадион салу міндет. Осындай жағдай жасалғанда ғана клуб кәсіпкерлердің назарын аударады.
Президент көтерген бастама орынды, бірақ оны жүзеге асыру үшін нақты әрі жүйелі қадамдар керек. «Атырау» футбол клубының бүгінгі ахуалы инвесторға тартымды емес, қолда барымен сата салуға болмайды. Алдымен инфрақұрылымды қалыпқа келтіріп, клубты тартымды етіп ұсыну қажет. Сонда ғана кәсіпкерлер қызығып, футбол шын мәнінде бизнеске айналады.
Атырау қаласының тұрғыны Қасиет Аманғалив те жергілікті «Атырау» футбол клубының жанкүйері ретінде пікір білдіріп, олардың жағдайы мүшкіл күйде екенін жеткізді.
– Команданың осындай халін көргенде жаным ашиды. Мемлекет басшысының қазақ футболына байланысты айтқан пікіріне толықтай қосыламын. Президентіміздің «Футболды үкімет қаржыландырмай, оны бизнес ретінде дамыту қажет» деген ұстанымы – уақыт талабынан туған әділетті шешім. Сол себепті Президенттің футболды дамытудың жаңа жолын ұсынғаны көңілімнен шықты. Бұл ұсыныс болашақта футболымыздың нағыз кәсіби деңгейге көтерілуіне жол ашады деп сенемін, — дейді Қ.Аманғалиев.
Оның айтуынша, қазіргідей жағдайда үкімет бір ғана клубқа миллиардтаған қаржы бөледі, алайда ол қаражат елге қайтып пайда әкелмейді. Керісінше, кәсіпкерлер мен ірі бизнес өкілдері клубтарды қолдап, қаржы құятын болса, олар қаржыны бақылап қана қоймай, команданың нәтижелі ойынына, дамуына, жоғары деңгейге көтерілуіне мүдделі болар еді. Бұл футболдың сапасын арттырып қана қоймай, жанкүйерлердің де сенімін оятады.
Облыстық «Атырау» газетіне Жолдауда айтылған мәселеге қатысты арнайы пікір айтқан танымал спорт журналисі Аслан Қаженов Президенттің Жолдауында айтылған тапсырмалар мен бастамалар, соның ішінде футбол саласына қатысты пікірлері өте орынды деп есептейді.
– Бұл – еліміз үшін өзекті әрі маңызды мәселе. Кеше Бельгияда Қазақстан мен Бельгия құрамалары іріктеу кезеңі аясында кездесті. Еуропада осындай ірі спорттық аламандар қатар өтіп жатқанда, отандық футболдың болашағы жайлы бастамалардың көтерілуі дер кезінде айтылған қадам деп білемін.
Жекешелендіру мәселесі біраздан бері айтылып жүргенімен, осы жолы нақты тапсырма берілгендігі қуантады. Қазірдің өзінде Қазақстан футбол федерациясы президенттің тапсырмасынан кейін белсенді жұмысқа кірісе бастады. Шыны керек, бүгінге дейін футбол мемлекет мойнында болып келді. Миллиардтаған қаржы бөлініп, ақшаның біразы мақсатсыз жұмсалып, тіпті қалтаға кетіп отырған жағдайлар да болды. Жемқорлық фактілері, легионерлерге ауадай шашылған қаржы – мұның бәрі жасырын емес. Мемлекеттік қаржы бөлінген соң, оны тиімді пайдалану, қайтарым алу сияқты мақсаттар қойылған жоқ. Клуб басшылығы көбіне есеп берумен шектелді.
Егер клубтар жекешелендіріліп, жаңа инвесторлар, демеушілер тартылса, олар үшін клубтың дамуы мен нәтижесі басты мақсатқа айналады. Өйткені салған қаржысын қайтару үшін сапалы жұмыс жүргізуге мүдделі болады. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Президент айтқандай, бізге де осы жолға түсу қажет. Мысалы, «Қайрат» клубының Чемпиондар лигасына жолдама алуы – жиырма жылдық еңбектің жемісі. Сол сияқты қазір басталған қозғалыс ұзақ мерзімде нәтижесін беретіні анық, — деді Аслан Қаженов.
Әрине, бұл өзгерістер бірден нәтиже әкелмейді. Бірақ бүгінгі жүйемен жүре берсек, футбол тығырықтан шықпайды. Соңғы 35 жылда мемлекетке сүйенген жүйе ешқандай нәтиже көрсеткен жоқ. Сондықтан алдағы реформа футболды жаңа деңгейге көтеруге тиіс.
Бұл бастама көпшілікке ұнай бермеуі мүмкін. Әсіресе, бюджет қаржысына үйреніп қалғандар үшін. Бірақ қалай болғанда да жүзеге асуы шарт. Өйткені отандық футболдың болашағы осыған байланысты. Енді ең бастысы – осы істің басы-қасында жүрген мамандарға сәттілік тілейміз. Футбол клубтарына қатысты реформа қажет екенін айтқан спорт журналистері өз тараптарынан бұл бастаманы ақпараттық тұрғыда қолдауға дайын екендіктерін де айтты.
Алмас ҚАБДОЛ