Асыққан жетпес...

Асыққан жетпес...
(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 1300-ден астам адам қаза болып, 16 мыңнан астам азамат зардап шеккеніне, олардың арасында тұтас отбасылары да кездесетініне тоқталып: «Бүгінде жүргізушілерді даярлау деңгейінің де төмендеп кеткені жасырын емес. Жүргізуші куәлігін арнайы оқымай-ақ алатын жайттар бар», деп атап көрсеткен болатын. 

Технологияның қарыштап дамуына және қауіпсіздікке көбірек көңіл бөлуіне қарамастан, жол-көлік оқиғалары қазіргі уақытта бүкіл әлемдік өлім-жітімнің рейтингінде сегізінші орында тұр. Жыл сайын автокөлік апаттарынан миллионнан астам адам қайтыс болады – бұл күніне 3200 және минутына 2 адам өледі деген сөз. Сонымен қатар, жол-көлік апаты 29 жасқа дейінгілер өлімінің негізгі себебі. Еліміздегі жол қауіпсіздігі мәселесінің ушығып кеткенін Мемлекет басшысы келтірген де­рек­тер­ден-ақ аңғаруға болады. Бұл мәселе бүгінде өзекті болып отыр. Қазақстанда «темір тұлпар» тіз­гінін ұстаған екі жүргізушінің бірі жо­ғары жылдамдықпен жүйткитіні анықталған. Ең өкініштісі – осындайлардың кесірінен туындаған жол-көлік апаты салдарынан бір емес, бірнеше адамның қаза болып, зардап шеккені туралы суыт хабарды жиі естиміз. Алысқа бармай-ақ, көшеде келе жатып кейбір жүргізушілердің жол ережесін білмейтініне көзіңізді жеткізесіз. Мысалы, басты жолда келе жатқан көлікті өткізіп жібермей, алдына атып шығады. Сөйтіп, өзіне ғана емес, қасындағылардың, қарсы келе жатқан көліктегі жолаушылардың өміріне де қауіп төндіреді. Басты жолға шығарда жан-жағына қарамай, келіп қалған көлікке соғылған таксисті де көрдік. Жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан жүргіншіге «мен келе жатырмын, қайда барасың», деп сигнал беретіндер бар. Осының бәрі жүргізуші куәлігін сатып алғанның көрінісі емес пе? Көліктің рөліне отырған адам жол ережесін білуге міндетті. Білмеген біреудің кесірі екінші адамға тиіпте жатады. Оқымай куәлік алғандардан тәжірибелі жүргізушілер де зардап шегеді. Қазіргі көліктер айдауға ыңғайлы, іші жайлы болғанымен сырты пластмасса шөлмек сияқты. Бір жеріне соқса, майысады да қалады. Егер жүргізушілердің бәрі жол ережесін жақсы білсе және бұлжытпай орындаса аудандық полиция бөлімінің жанында тұрған ұрылған-соғылған, аударылған автокөліктер азаяр еді. Әзірге ол жер босап қалған емес. Кейбірінің талқаны шыққанын көріп, ішіндегілері аман қалмаған шығар деп ойлайсың.

Бүгінде басты жолда жылдамдықтың сақталуын кибер-шериф құрылғысы бақылайды. Бірақ, басқа жерлерде ол болмағандықтан құстай ұшатындар бар. Өте жоғары жылдамдықпен жүргенде рөлге ие болу қиын. Қазақ: «Асыққан жетпес, бұйырған кетпес», деп қазақ текке айтпаған ғой. Жоғары жылдам­дық­пен жүруді жаман әдетке айналдырған жауапсыз жүргізушілердің кесірінен елімізде күн сайын жол-көлік апаты болып жатады. Екі күннің бірінде күре жол үстіндегі қайғылы оқиғадан талай жанның тағдыры үзіліп, ауыр жарақатынан айығып кете алмай, өмір бойына мүгедек болып қалғандар жетерлік. «Асыққан – шайтанның ісі» деген сөз бар. Жаны бар сөз. Қарапайым ғана қағида. Жол ережесін сақтау – әрбір адамның өз өміріне деген жауапкершілігі әрі қауіпсіздігінің бірден-бір кепілдігі. Бұрын жол-көлік апатын жолдың жамандығынан көрдік. Қазіргі жолдарымыз осыдан отыз жыл бұрынғыдай емес. Сөйте тұра, жолда адам өмірі қиылуы тоқтамай тұр. Әлбетте, қаржы шығарып жаман жолды жөн­деуге болады, қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ететін заңнаманы жетілдіру де уақыттың еншісіндегі іс. Бірақ, «темір тұлпар» тізгіндегендердің тәртібі тү­зелмей, жыл­дам­дықпен ойнаған жүргізушілердің желігі басылмай, әр жүргінші өз жауап­кер­шілігін жете түсінбей жағ­дай­дың оңға басуы қиын.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521