«Астрахань-Маңғышлақ» магистралды су құбыры 170 мың текше метр су беретін болады

 «Астрахань-Маңғышлақ» магистралды су құбыры 170 мың текше метр су беретін болады
фото: primeminister.kz
(0 Votes)

Атырау облысында кешенді күрделі жөндеу нәтижесінде кеңейтілген «Астрахань-Маңғышлақ» магистралды су құбыры іске қосылды. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бейнебайланыс арқылы нысан жұмысын ресми түрде іске қосты.

Батыс өңірінің әлеуметтік және өнеркәсіптік дамуы үшін стратегиялық маңызы зор жобаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылды.

Премьер-Министр атап өткендей, қайта жаңғыртылған «Астрахань-Маңғышлақ» магистралды су құбыры Атырау және Маңғыстау облыстарының халқы мен кәсіпорындары және ауыл шаруашылығы үшін қосымша 60 мың текше метр су беру көзіне айналады.

Жоба шеңберінде тозығы жеткен жабдықтарды жаңарту жұмыстары жүргізіліп, ұзындығы шамамен 177 шақырым магистралды су құбырының екі учаскесі ауыстырылды. Құрылысқа 500-ден астам адам жұмылдырылған. Соның нәтижесінде «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырының өткізу қабілеті тәулігіне 110-нан 170 мың текше метрге дейін артты.

«Су құбырын күрделі жөндеу белгіленген мерзімнен бұрын аяқталды. Оған тиімді жобалық шешімдер мен жоғары құрылыс қарқыны нәтижесінде қол жеткізілді. Бұл жоба соңғысы емес, өңірде сумен қамтамасыз етуге байланысты басқа да ауқымды жобалар бар», — деді Әлихан Смайылов.

Мәселен, Кендірлі кентінде жалпы қуаты тәулігіне 50 мың текше метр болатын су тұщыландыру зауыты салынуда. Одан Жаңаөзен қаласына дейін ұзындығы 105 км магистралды су құбыры тартылады.

Бұдан басқа, «Каспий» сумен жабдықтау зауытын реконструкциялау жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде оның қуаты 2 есе, яғни 40 мың текше метрге дейін артады.

«Біздің мақсатымыз – 2026 жылға қарай елді мекендерді 100% ауыз сумен қамтамасыз етіп, халық пен өндіріс орындарын одан әрі тұрақты су көздерімен қамтамасыз ету. Ол үшін жаңа гидротехникалық құрылыстар мен су құбырларын салу және қазіргі құбырларды жаңғырту бойынша жобалар іске асырылып отыр. Елді мекендерге су тарату желілері салынуда, ал шалғай ауылдарда жер асты көздерінен сорғы модульдері орнатылып жатыр. Алдымызда әлі де көп жұмыс бар», — деп атап өтті Үкімет басшысы.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев мәлім еткендей, жобаны іске асыру кезінде телекоммуникациялық және бақылау жабдықтары, катодты қорғау стансалары мен автономды гибридті қондырғылар, сондай-ақ құбыр өнімдерінің бір бөлігі отандық өндірушілерден сатып алынды.

Ресми салтанатты шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Талғат Құрманбаев, «Магистралды суағызғы» ЖШС бас директоры Берік Салпек және мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.

Анықтама: «Астрахань-Маңғышлақ» магистралды су құбыры 1988 жылы пайдалануға берілген. Аталған су құбыры – Атырау облысының Құрманғазы, Исатай және Жылыой аудандары, сондай-ақ Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия және Түпқараған аудандарының тұтынушыларын сумен қамтамасыз ететін жалғыз орталықтандырылған су көзі. Жалпы, аталған құбырдан суды Маңғыстау облысы тұрғындарының 35%-дан астамы және Атырау облысы тұрғындарының 28%-дан астамы тұтынады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521