«БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлері қамаудан босатылып, пойызбен Жаңаөзен қаласына кетті. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» компаниясынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚМГ байланыс тобы мен «БерӘлі Маңғыстау Company» өкілдері арнайы жұмыс комиссиясын құру туралы келісімге келді.
Ол комиссия «БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің талаптарын заң аясында шешу үшін қарастыратын болады. Комиссия құрамына «БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің 10 адамы кіреді.
Құқық қорғау органдары ұстаған қалған мұнайшылар босатылып, Астана уақыты бойынша 8:57-де пойызбен Жаңаөзен қаласына кетті», - деп атап өтті компаниядан.
Мұнайшылар да Астананың теміржол вокзалынан видеоүндеу жасап, өздерінің дін-аман екендіктерін айтты және қолдау білдірген жерлестеріне ризашылығын білдірді.
Еске сала кетейік, 10 сәуірде Энергетика министрлігі ғимаратының алдына 70-ке жуық жаңаөзендік жиналды.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ведомство ғимаратының маңайында түнеп шыққан жаңаөзендік жұмысшылардың талабы бойынша ресми шешім әзірленіп жатқанын айтты.
Бұл мәселеге пікір білдірген вице-премьер Алтай Көлгінов заң аясында әрекет ету қажеттігін, «тендерден ұтылған компанияның қайтадан ұтып шыққанын талап ету» дұрыс еместігін айтты.
Кеше кешкісін Энергетика министрлігі алдына жиналған бір топ жаңаөзендік мұнайшыларды полиция ұстап әкетті.
Кейін наразылыққа шыққан мұнайшылардың көшбасшылары мәлімдеме жасап, екі жақ келісімге келгенін хабарлады.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев та түнде видеоүндеу жариялап, халықты сабырлыққа шақырды.