Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан тарихта алғаш рет этномедиаторлар институты құрылды. Бұл туралы ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ассамблея өз деңгейінде азаматтардың құқықтарын қорғауға қатысады, дәлірек айтқанда медиациялық процестерге белсенді қатысады. Өткен жылды алып қарасақ, 10 мыңға жуық өтініш қаралды, оның 70%-ы құқықтық консультация кезеңінде шешілді, барлығы бойынша медиативті келісімдер жасалды», - деді Аида Балаева Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясының жалпы отырысында.
Оның айтуынша, тарихта алғаш рет этномедиаторлар институты құрылды. Өңірлерде 22 тренинг ұйымдастырылып, онда 800 адам оқудан өтті.
«2022 жылы этносаралық салада 20 зерттеу жүргізілді, өңірлерде көшпелі мониторингтік топтар жұмыс жүргізді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы реформалардың барлығын жай ғана реформалар үшін емес, өз халқымыз үшін, ішкі рухани-адамгершілік және мәдени әлеуеті жоғары, білімді, бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру үшін жасап жатқанымызға баса мән береді», - деді А. Балаева.
Бұған дейін Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары 2023-2024 жылдары 1300 ауылдың әкімі сайланатынын айтқан еді.