Әскери қызметшілерге қолдау көрсететін AI-sulu Telegram-боты іске қосылды

Әскери қызметшілерге қолдау көрсететін AI-sulu Telegram-боты іске қосылды
(0 Votes)

АСТАНА. KAZINFORM —  Астанада әскери психологтер жиналысында жасанды интеллект негізінде әзірленген AI-sulu Telegram-боты таныстырылды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл жаңа қызмет әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына күйзеліс және қиын жағдайларда тәулік бойы анонимді түрде көмек көрсетуге арналған.

    – Психология – әскердің жауынгерлік дайындығын қамтамасыз етудің маңызды элементі. Әскери қызметшілермен және олардың отбасыларымен тиімді жұмыс істеу армияның моральдық күшінің негізі болып табылады, – деді Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаев жиынды ашу кезінде.

Оның айтуынша, қазіргі заманның талаптары инновациялық цифрлық шешімдерді енгізуді қажет етеді. Солардың бірі – AI-sulu боты. Ботты Ұлттық әскери-патриоттық орталығы ақпараттық бөлімінің бастығы майор Қасымхан Туитин таныстырды.

    – AI-sulu тірі маманның орнын алмастыра алмайды, бірақ ол қиын сәттерде алғашқы көмек көрсетіп, тыңдай отырып, қажетті кеңес пен ресурстарға бағыттай алады, – деп атап өтті Туитин.

Цифрлық кеңесші қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді. Оның басты артықшылығы – анонимділік пен тәулік бойы қолжетімділік.

Жаңа қызметті таныстыру барысында деструктивті мінез-құлықтың алдын алу, күйзеліс тұрақтылығын дамыту, психологиялық жұмыстарда IT-құралдарды қолдану және жастармен жұмыс істеудің ерекшеліктері талқыланды. Психотерапия, суицидология және әскери психология саласындағы сарапшылар сөз сөйледі.

Қатысушылар бұл тәжірибе әскери құраммен жұмыс істеуде өте пайдалы болатынын және әскери психология қызметі үшін жаңа әдістемелік материалдардың негізіне айналатынын атап өтті.

Айта кетелік Қорғаныс министрлігі MyArmy.kz порталын іске қосқан еді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT