АСАРЛЫ ІС – АУЫЛ ТАЗАЛЫҒЫНА

(0 Votes)

Республика көлемінде жүзеге асқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мақсаты – өзіміздің туып - өсіп, тұрып жатқан өңіріміздің тазалығын сақтау. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында ерекше тоқталып өтті.

«Таза Қазақстан» шарасына биылғы жылы 300-ге жуық азамат атсалысты. Бірнеше үйдің ауласы тазартылды, 1 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың қолдауымен Махамбет және Сарытоғай ауыл¬дарына 31 орынға салынған қоқыс алаңшаларының қатары биыл тағы 10 алаңшамен толықты. Оларға 70 қоқыс контейнерлері қойылды. Махамбет ауылының көшелеріне тазалық тақырыбына байланысты 2 бильборд орнатылды. 

Осы орайда аталмыш акция аясында ауылдың мекеме айналасындағы, саябақ, ойын алаңдарындағы, көше бойында өскен шөптерден тазартып қыру, ауылдың ішін және сыртын, тасжол айналасы, жағалауларды тазалау жұмыстары жүргізілді. Учаскелік полицейлермен рейдтер ұйымдастырылып, құрылыс материалдарын төккен тұрғындарға ескертулер беріліп, құрылыс матери¬алдары алынды. Көшелерге, үйлердің алдына көмілген дөңгелектер, қазықтар, тастар жиналды. «Таза Қазақстан» акциясына барлық ме-кемелер ұйымшылдықпен қатысып, атқарған тазалық жұмыстарының фотосуреттерін күнделікті жүргізіп, әлеуметтік желіге жариялауда. 
Жасыл белдеудің ішіндегі қураған талдар кесіліп, толықтай шығарылды. Орнындағы қураған түптер алынды. Жасыл белдеудің ішіне бұрын бір мотормен су айдалып, ол жетпей жататын. Ал биыл екінші мотор іске қосылып, 2,6 шақырым желі жүргізілді. Жасыл белдеу бұдан былай екіге бөлініп, суарылатын болады. Тазартылған жер трактормен жырты¬лып, ол жерге су жіберілді. Сенбілік кезінде 1000 тал отырғызылды. Одан бөлек Ө.Есмағамбетов көшесіндегі асфальттың екі жағындағы жер қоршалып, талдар егілді. Оған тамшылатып суару желілері жүргізілді. 
Президентіміз Қ.Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясының аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты екендігін, елге оның мән- маңызын түсіндіріп, жұмысты дұрыс үйлестіруі қажеттігін де тапсырды. «Әрбір басшы елмен етене жұмыс істеп, тұрғындармен сенімді байланыс орнатуы қажет. Сонда жұрт та оның бастамаларын қолдайды, ел үшін пайдалы іске жұмыла кіріседі. Әкімнің абырой-беделі дегеніміз де – осы» деді ол сөзінде. 

Біз әкімдер тазалық науқанын ұйымдастырып, баршамыз бір кісідей жұмыла атсалыссақ, біраз шаруа ширап, ауданымыздың келбеті көркейе түсері сөзсіз. Әйтсе де іс мұнымен бітпейді. Оны ластамау, өзгенің еңбегін бағалау – елі мен жерін сүйетін әр тұрғынның жауапкершілігінде екендігін естен шығармайық. Мемлекет басшысы айтқандай, тазалық біздің қанымыз бен жанымызға сіңген қасиетке айналуы тиіс! 


Н.САПАРОВ, 
Махамбет ауылдық округі әкімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT