АРМАНЫНА ЖЕТКЕН МЕХАНИЗАТОР

(0 Votes)

Механизатор мамандығы – ауыл шаруашылығы саласындағы ең маңызды мамандықтардың бірі. Ауылдық жерлерде бұл кәсіп иелеріне деген сұраныс жоғары. Дегенмен, бүгінгі таңда тракторларды негізінен орта және аға толқын өкілдері жүргізетіні жасырын емес.

 Бүгінде өз мамандығының қыры мен сырын жетік меңгеріп, жастайынан трактор тізгіндеп, саналы ғұмырын осы салаға арнаған жанның бірі – «Жаңа арна» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің механизаторы Сейдолла Нұрмұханов. Әкесі Қаршыға «Қызыл ту» кеңшарында ұзақ жыл шопан болса, анасы Жақсылық Мергенбаева әкесіне көмекші болған еді. Каникул кезінде ата-анасына қолғабыс беретін ол малшы ауылға трактормен жиі келетін механизаторлардың қасынан шықпайтын. Тракторларына жөндеу жұмыстарын жасаса солардың қасынан шықпай, сұраған кілт-құралдарын алып беріп жүретін. Реті келсе трактордың рөліне отыратын. Сол кезде бала қиялымен өскенде трактордың рөліне отырып, жүргізуді армандайтын. Сол арманына жетуді мақсат тұтқан ол даңқты батыр Шүкір Еркінов атындағы орта мектептің тоғызыншы сыныбын бітірген соң Сағыз ауылындағы №8 кәсіптік-техникалық мектепке (қазіргі Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжі) құжаттарын тапсырады. Кәсіби мектепті бітіріп, механизаторлық куәлігін алған соң бала кезінен армандаған техниканың тізгініне отырады. «Мерей-1», «Миялы-Сервис», «Иманбай», «DSL Caspian» және «Шағырай» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде механизатор болып еңбек етеді. Аталмыш мекемелерде жұмыс жасаған кезде тиегіш (погрузчик), экскаватор, автогрейдер секілді арнайы техникалар мен «К-700», «КамАЗ» көліктерін жүргізді.

– Бала кезден техникаға үйірсек болдым. Малшы ауылға келген механизаторлардың қасынан шықпайтын едім. Техникаға үйірсектігімді байқаған олар да мені қажеттеріне жұмсайтын. Тамақтануға үйге кіргенде трактордың рөліне отырғызып кететін. Қазір өзім де солар секілді механизатор болдым. Әрине, механизатор болу тек техниканы жүргізу емес. Бұзылған жағдайда ақауын тауып, жөндеу де керек. Бұл ретте техниканы жөндеп, күтіп-баптауды «Мерей-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Саламат Сұлтановтан үйрендім. Қазіргі таңда механизатор мамандығы ауданда қат мамандықтың бірі. Әрине, Сағыз ауылындағы Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжі жыл сайын басқа да мамандық иелерімен бірге механизаторларды да дайындайды. Алайда, олардың барлығы бірдей техника рөліне отыра бермейді. Себебі олар мамандықты жүрек қалауымен таңдамаған болар. Ал, жүрек қалауынсыз жұмыс жұмыс болмайды. «Адамды адам еткен – еңбек» дегендей, мен өзім таңдаған мамандығымның арқасында нәпақамды тауып, отбасымды асырап отырмын. Жұбайым Мейрамгүл Жұмабаева да аудандық емханада өзі таңдаған медбикелік жұмыста, - дейді ағынан жарылған механизатор Сейдолла Нұрмұханов.

«Жаңа арна» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Хамидолла Әбдірахмановтың айтуынша, бүгінгі таңда Сейдолладай маман иелері сирек. Ол өз мамандығын дұрыс таңдаған жан. Мол тәжірибесі бар ол қазір арнайы техникалардың барлығын жүргізіп, бұзылған жағдайда өзі жөндейді. Тіпті қазіргі шетел техникаларын да шебер меңгерген. Уақытпен санаспайды. Соңғы үш жылда Ойыл өзені тасып, Миялыға қауіп төндіргенде ол күні-түні техниканың рөлінен түспей жұмыс жасап, ауылға су кіру қаупін сейілтті. Қыс мезгілінде қар басқан тас жолдарды уақытында ашып, жол қатынастарын қалпына келтіруде көп еңбек сіңірді. Жалпы, ауданның дамуына қарапайым жұмысшы ретінде қосқан үлесі зор. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғаны белгілі. Бұл – қарапайым жұмысшы болса да мамандығы бойынша адал еңбек етіп жүрген Сейдолла секілді жандарға құрмет. Өйткені, қарапайым еңбек адамдары – еліміздегі ең сыйлы адамдар болуы тиіс.

Бауыржан ОҚАСҰЛЫ

Қызылқоға ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT