Жақында Атырау қаласында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының, облыстық ардагерлер кеңесі мен облыстық халық шығармашылығы орталығының бірлесе ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Отты жылдар әуендері» атты ардагерлер арасындағы облыстық өнер фестивалі өтті.
Ұлы Отан соғысының және тыл ардагерлеріне құрмет көрсету, Ұлы Жеңістің тарихи маңызын жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында өткен шараға облыс аумағының түкпір-түкпірінен түрлі өнер ұжымдары қатысты.
Аталған байқауда қатысушылар Ұлы Отан соғысы кезіндегі әндерді аспаптың сүйемелдеуімен және қазақ композиторларының жігерлі шығармаларынан күй орындау кезеңдері бойынша өзара бақ сынасты.
Фестиваль қорытындысы бойынша Мақат аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Ұлағат» фольклорлық ансамблінің мүшесі, ардагер Сағидолла Қайрошев пен Доссор мәдениет үйінің жанынан құралған ардагерлер ансамблінің мүшесі Жаңыл Оразбаева «Лауреат» атағына ие болып, қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Ботакөз Асхатқызы