– 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Жаңа Үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысын бастаймыз. Ең алдымен Премьер-Министр Олжас Абайұлы Бектеновті осы жоғары лауазымға тағайындалуымен құттықтаймын. Үкімет табысты жұмыс істейді деп сенемін. Бүгін біз былтыр атқарылған жұмысты қорытындылаймыз. Сондай-ақ, алдағы кезеңнің басты міндеттеріне тоқталуымыз керек. Жалпы өткен жылы экономикамыз 5,1 пайызға өсті. Ең бастысы еліміздің даму қарқыны бәсеңдеген жоқ», - деді Мемлекет басшысы.
Президент кеше бұрынғы Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа алғысын білдіргенін айтты.
«Бірақ қазір жайбарақат отыруға болмайды, себебі алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Сондықтан Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет. Негізгі мақсат – баршаңызға белгілі. Біз 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Яғни, нақты меже бар. Енді тек жұмыс істеу қажет. Бұл – еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі керек деген сөз. Сондай-ақ, макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар халықтың нақты табысы да қарқынды түрде артуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы даму қажет. Сондықтан әрбір қадамды жан-жақты, мұқият ойластырып, батыл әрекет ету керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.