«ӘР ІСТІ ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН АТҚАРАМЫЗ...»

«ӘР ІСТІ ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН АТҚАРАМЫЗ...»
(0 Votes)

Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сондай-ақ сабыр, төзім және қажыр-қайрат та қажет болады. Шапшаңдық пен жылдамдықта, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті де осы полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығуға баса назар аударатын жандардың бірі – аудандық полиция бөлімінің аға анықтаушысы Наурызбек Борашев.

Ол 1998 жылы 23 наурызда Мақат ауданы, Доссор кентінде өмірге келген. Ең алғаш білім жолын өзі туған мекеніндегі Б.Қанатбаев атындағы орта мектептен алып, 2013 жылы 9 сыныпты бітіріп шығады.

«Мектепті аяқтай сала Ақтөбе қаласындағы Ақтөбе көлік, байланыс және технологиялар колледжіне «автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша оқуға түстім. Оқуды жақсы аяқтап шыққасын Отан алдындағы борышымды өтеуге әскерге бардым. Әскерден кейін, осы салаға қызығушылық танытып 2018 жылы ішкі істер органында ең алғаш рет еңбек жолымды бастадым. Бастапқыда тылдық қамтамасыз ету тобының полицейі болып жұмысқа орналастым. Әрі қарай осы саланы тереңінен меңгере бастағасын сырттай да оқуды жөн көрдім. Сөйтіп, Орал қаласынан Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетін оқыдым», - деді кейіпкеріміз.

Қазіргі таңда аудандық полиция бөлімінің анықтау бөлімі аға анықтаушысы лауазымында қызмет атқарып жүрген кейіпкеріміз қылмыскерлерді құрықтап қана қоймай, бұлтартпайтын айғақтар арқылы қылмыстық кодекстің баптарына сәйкес істі жан-жақты зерттейді. Бұл саланың қызметкерлері уақытпен санаспай, орын алған қылмыстарды дер кезінде ашып, заң тұрғысында процестік баға беріп, өздеріне жүктелген міндеттерді адалдықпен атқаруда.

«Полиция қызметкері болу үшін біліктілік керек. Соның ішінде анықтаушы мамандығы сауаттылық пен ой ұшқырлығын талап етеді. Әр істің артында адам тұр десек, ауыр жұмысты арқалаған маманның әр сағатының өзі сан оқиғамен өріліп, оған қаншама күш-қайрат жұмсалатынын елеп-ескеру қиын емес. Сондықтан біз әр істе тәжірибе алмасып, тығыз байланыста жұмыс істейміз. Әрбір істі жауапкершілікпен нәтижелі аяқтауға асығамыз», - дейді анықтаушы Наурызбек Мұратұлы.

Иә, қызығымен қатар қиындығы бірге жүретін полиция саласы кез келген адамды баурап алатындай қасиетке ие. Сондықтан болар, бұл салада, әсіресе тергеу органында негізінен өз тағдырын ауыр да мәртебелі мамандықпен байланыстыруды жастайынан мақсат тұтқан қызметкерлер жұмыс істейді. Осындай жүкті, абыройды арқалап жүрген кейіпкеріміз жұмысын уақытылы тындыратын жан. Әріптестері де жақсы пікірлер білдіруде.

«Әріптесіміз Наурызбек бұрын аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция қызметі лауазымында болған. Қазіргі таңда екі айдың көлемінде аудандық полиция бөлімінде анықтау саласы бойынша анықтаушы болып жұмыс жасайды. Қабілеті мол, берген тапсырмаларды дер кезінде орындай біледі. Болашақта өз саласының білікті маманы болатыны сөзсіз», - деді әріптесі А.Карин.

Осы ретте айта кетейік, анықтаушы мен тергеушінің жұмыс уақыттары мен алдын ала тексеру ісіне кететін уақыттары әртүрлі болады. Кейіпкеріміздің сөзінше, анықтаушы тергеуші секілді алдын ала тексерумен айналысады. Дегенмен осы екі мамандық иелерінің жұмысы бір-бірінен аз-кем ерекшеледі. Яғни, қылмыстың ауыр-жеңіліне қарай айырмашылық бар.

«Жұмыста біздер орташа ауыр, ауыр емес қылмыстармен айналысамыз. Атап айтқанда, түрлі алаяқтық, түрлі дене жарақаттарын салу, бұзақылық, төбелес, өліммен қорқыту және тағы да басқалары кіреді. Бұлардың ішінде ең көп кездесетіні алаяқтық пен бұзақылық десем болады. Сонымен қатар анықтаушы қызметінің маңыздылығының бірі адам тағдырына байланысты болғандықтан, әрбір болған қылмысты жан-жақты тергеп-тексеріп, ақ-қарасын анықтап, қылмыскердің кінәсін немесе кінәсіздігін дәлелдеп әділ шешім қабылдау болып табылады»,- дейді кейіпкеріміз Наурызбек.

Осылайша, анықтаушының әр күні ғана емес, әр сағатының өзі қым-қуыт оқиғамен өрліп жатады. Кейіпкеріміз де қызметтің ыстығына күйіп, суығына тоңған майталман әріптестерінен тәжірибе алып, шындалып келеді.

                                                                                                                   Г.МӘМБЕТҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT