Ар ілімі һәм арылу

(0 Votes)

Лев Толстой атақты «Арылу» (Воскресение) романында кезінде жігіттік желіктің жетегін­де кеткен жас бекзаданың күнәдан арылып, сол арқылы кісілік кемел­дікке жетуінің кезең­дерін керемет суреттейді.

Романда арына дақ түсірген Маслованың алдында ақталудан бас­тап, қоғамның шынайы кейпімен һәм өзінің ішкі жан дүниесімен бетпе-бет келіп, арпалысу арқылы арылған, тұлғалық толысудың сатыларынан сүрінбей өткен Нехлюдовтың талайлы тағдыры арқылы Абайша айтқанда «толық адамға» айналған Толстойдың өзін көргендейміз. Сондықтан бұл шығарма бізге ұлы жазушының басты туындысы болып көрінеді.

«Ойында жоқ бірінің, Салтыков пен Толстой» деп жырға қосқан сүйікті қалам­герінің 1899 жылы жарық көрген бұл романын Абайдың оқып-оқымағаны бізге белгісіз. Бізге белгілісі, ақыл азабын арқалап, жүрегінің түбіне терең бойлап, «әділет пен ақылға, санатып көрген-білгенін» ақынның ар таразысы арқылы арылып, «айнымайтын асыл адамға» айналғаны. «Іштегі кірді қашырса, адамның хикмет кеудесі» деп адам баласының хұсни сипаты, жауһар қазынасы таза жүрегінде екенін әйгілеген ойшылдың ар ілімін бір ғана қайнардан алмағаны тағы анық, ол «жаным – арымның садақасы» деген халық даналығына, кәміл адамды ардақтаған исламның терең иірімдеріне және батыстың біліміне үндестікпен үңіліп тапқан ақиқаты! Мұны Абайдың өмір жолынан да, шығармашылық арқауының өне бойынан да айқын аңғаруға болады. Әуелі бозбала боп, кейін билікке араласып, сосын түңіліп, тіпті терең тығырыққа тіреліп, елінің ертеңіне күмәнмен қараған ол ақыры ақиқатын табады, ар ілімімен арылып, ағартушылық жолға түседі. Сол арқылы ауылдың аумағынан шығып, адамзаттық ауқымдағы ақылман атанады. Мұндайда Алаштың сөзін түзеткен, өзін күзеткен данышпанның «Қазаққа күзетшi болайын деп, бiз де ел болып, халық қатарына қосылудың қамын жейiк деп ниеттенiп үйрену керек» дегені еске түседі.

Арылу – пенделік күнәдан тазару, ағару, жаңару ғана емес, ол – мейлінше мінсіз кемел кісілік қалыпқа жақындау. Сондықтан ол сәт сайын, үздіксіз жүретін құбылыс. Шыңғыс Айтматов «Адамға ең қиыны – күн сайын адам боп қалу» дегенде, осыны меңзесе керек.

Абай адамдық арылуды һәм кісілік кемелдікті «бенделіктің кәмалаты» десе, қоғамның, адамзаттың арылуын да «инсаният­тың кәмалаттығы» деп белгілеген екен. Сондықтан, кез келген қоғамның жекелеген адамдардан тұратынын ескерсек, қоғам да арылуы тиіс! Мәселен, деколонизация жүрмеген, социалистік формациядан арылмаған, керісінше, «жабайы капитализм» тұсында жат қылықтарды жамап алған қоғамды «арылған, тазарған» деп айтуға бола ма? Әл-Фараби бабамыз «адамның дене мүшесі ауру болса дәрігер емдейді, ал қоғамның жан дүниесіне түскен сырқат орасан кеселді болады дегенді» ескерткен екен. Қоғамның сырқатынан айықтырып, арылуға бастайтындар зиялы қауым екені белгілі. Ал біз, ар жүгін арқалаған зиялы қауым өкілдері – өзіміз толық арыла білдік пе? Абай айтқан «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» сияқты адамдық қасиеті бар, өзін зиялы санайтын әрбір азаматты толғандырар мәселе осы болса керек.

Бұл тұрғыдан алғанда, жадыны жаң­ғыртып, сананы сілкініске, қоғамды арылуға бастайтын «Рухани жаңғыру» сынды бағдар­ламаның жұртшылыққа берері көп екені анық.  Ел газеті «Egemen Qazaqstanda» жарық көрген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасыр» деген мақаласы бізге осы бағдарламаның заңды жалғасындай көрінді.

Ұлы Абайдың осы «толық адам» тұжыры­мын мемлекеттік деңгейде ұлт өміріне қол­данатын өміршең концепцияға айналдыруға болатыны туралы көшелі ой айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы ойшылдың мұрасынан тағылым алуға шақырады. «...Ұлылықтың тойы ұлт алдындағы ұлы міндеттің үдесінен шығудың жолын іздеуге ұмтылдыруы тиіс. Әр азамат осы тойдың алдында еліміз, елдігіміз жөнінде терең ойланса дейміз. Абай бізге нені аманаттады? Абай бізден нені талап етті? Абай бізден нені күтіп еді? Абай елдің қай ісіне сүйініп еді? Сол сүйінген ісінен үйрене алдық па? Абай қазақтың қай ісіне күйініп еді? Сол күйінген ісінен жирене алдық па? Басқасын былай қойғанда, ақын айтқан бес асыл істі жүзеге асырып, бес дұшпанды бойдан қашырып жатырмыз ба деген ойдың төңірегінде толғансақ та талай жайға қаныға аламыз. Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз», дейді Қазақстан Президенті. Рас сөз!

Ендеше, Абай жылы – ар ілімі салтанат құрған арылуға бастайды деп сенеміз!

Дархан Қыдырәлі,

“Егемен Қазақстан” республикалық газеті АҚ Басқарма төрағасы.

inform.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT