Апаттың салдарын жою – жұмыстың бір кезеңі ғана. Ең бастысы, апат болған аймақтарда жаңару және жаңғыру жұмыстары басталады. Бұл – өте маңызды шаруа. Сондықтан алдымызда ауқымды жұмыс тұр.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өтіп жатқан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында айтты.
«Өздеріңізге мәлім, соңғы жылдары еліміз көптеген сын-қатерді бастан өткеріп жатыр. Мемлекеттік аппарат қиындықтармен күресіп, мол тәжірибе жинақтады. Шыңдала түсті. Қазіргі мемлекеттік қызметшілердің өмірлік сабағы тоқсаныншы жылдардағы тәжірибеден артық болмаса, кем емес. Мен су тасқынымен күресіп жатқан мемлекеттік қызметшілерге, құтқарушыларға және еріктілерге алғысымды айтамын. Сондай-ақ күрделі жағдайда мызғымас бірлікте болып, өзара жанашырлық көрсеткен, сабыр мен төзімділік танытқан барша халқымызға зор ризашылығымды білдіремін. Біз бұл қиындықты міндетті түрде еңсереміз. Мемлекет тарапынан барлық шаруа тиянақты жасалады. Әр қиындықтың қайыры бар»,-деп қорытты Президент.