Қоғамның дамуына серпін беретін ең маңызды күш – ол әйел. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін әйелдің әр жетістігі ұлттың мерейі, болашақтың кепілі. Сондықтан болар, соңғы жылдары мемлекет тарапынан нәзік жандылардың әлеуетін арттыру бағытында көптеген жобалар іске асып келеді. Солардың бірі әрі бірегейі – ауданымызда үшінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келе жатқан «Қадам» жобасы. Бұл бастама – көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған немесе асыраушысынан айырылған аналарға арналған үлкен серпін, нақты қолдау.
Жобаның мақсаты – аналардың жеке әлеуетін ашу, жаңа заман талабына сай кәсіп түрлерін меңгерту, психологиялық қолдау көрсету, қаржылық сауаттылықты арттыру және ең бастысы оларды табыс көзіне қол жеткізуге жетелеу. Бұл ретте жобаның аналарды жай ғана оқытып қана қоймай, кез келген әйелдің тағдырын өзгертетін кешенді бағдарлама екенін көре аламыз.
Жоба «Зейін-Атырау» қоғамдық қорының бастауымен, «Теңізшевройл» ЖШС-нің әлеуметтік инвестициялық қолдауымен іске асып келеді. Биылғы жылы бағдарламаға қатысу үшін 500-ден астам өтінім түсіп, оның 200-і алдын ала семинарларға іріктеліп алынды. Ал нәтижесінде 50 ана жобаға толық қабылданып, өз жолын бастап кетті. Олардың арасында жобаның барлық сабақтарына белсенді қатысып, өзінен үлкен өзгеріс байқағандардың бірі Бибігүл Тайншиева. Ол өз сөзінде:
-Шыны керек, мұндай ауқымды жобаға алғаш рет қатысып тұрмын. Жоба басталғалы бірнеше ай ғана уақыт өтті. Сол уақыт ішінде өзімнің балаларым да менен өзгеріс байқаған. Үлкен қызым Атырауда жұмыста еді. Әр хабарласқан сайын «мама, сабақтардан қалма, жіберіп алма. Адамдармен араласыңыз, үйде отырып қалмаңыз» деп жатады. Әрине, бұл үйде ұзақ жыл декреттік демалыста отырып қалған аналарға ерекше қолдау ғой. Сондықтан жобаның негізін қалаушыларға үлкен алғысымды айтқым келеді,-дейді ол.
Бүгінде адамның ішкі сезімдері мен эмоцияға негізделген бастапқы тренингтер сәтті аяқталып, қатысушылар бизнес-жоспар жазуға кірісті. Олар әр дәрістен өзгеше әсер алып, құнды сабақтардан қалмауға тырысып бағуда. Бұл жөнінде жоба қатысушысы Алтын Мұхамбетова:
-Болашақ кәсібімнің жоспарын құрып бастадым. Мен өзіме жақын кәсіп, яғни, қыз жасауын жасау негізінде дайындалудамын. Осыған байланысты, кәсібімнің кірісі мен шығысын есептеп, таза пайдамды қандай жағдайда артатынын да үйреніп жатырмын. Жеке өзіме, сабақ өте қатты ұнап жатыр. Бұл ретте Алмагүл Шудабаева бастаған командаға және үйде отырған табыс көзі жоқ жұмыссыз аналардың жарыққа шығып, сүйген ісін дөңгелетуге демеу болған «Теңізшевройл» компаниясына алғысымды жеткізгім келеді. «Қадам» жобасы тек Жылыой ауданымен шектеліп қалмаса екен деймін. Еліміздің әр өңірінде де өзін таба алмай жүрген қаншама әйел бар. Сол жандардың да осы жобаға қатысқанын қалаймын. Жобаның ғұмыры ұзақ болсын,-дейді тілегін жеткізіп.
Ал жобаның үшінші толқын қатысушыларымен арнайы кездесіп, олардың зейінін саралап, қызығушылығын көзбен көруді ұйғарған «Теңізшевройл» компаниясының өкілі Нұрлан Ерғалиев жуырда ғана кезекті тренинг барысынан табылған еді. Ол көпбалалы аналардың жаңа құрамын көріп, өзінің оң пікірін білдірді.
-Өздеріңіз білетін «Зейін Атырау» қоғамдық қоры 3 жылдан бері «Қадам» жобасын жүзеге асырып келеді. Міне, қазір сабақ барысын көзбен көруге арнайы келіп қалдым. Бүгін сабаққа 22 қатысушы белсенді қатысып жатыр. Әсіресе топтық жұмыстарда бірігіп жұмыс жасауда. Құдды бұрыннан таныс жандар сияқты. Ал енді жобаның мақсаты – айқын. Яғни, ауданымыздағы көпбалалы аналармен жұмыс жасау, олардың өз ісін табуына көмектесу. Нәтиже жаман емес. Өткен жылғы қатысушылар бүгінде өз кәсіптерін алға жылжытып, табыс табуда. Олардың еңбекке араласқаны олардың отбасындағы ортақ қазынаға да өз септігін тигізетіні анық. Қазір аналар жаны қалап тұрса бәріне де үлгереді ғой. Міне, сондай нәзік жандыларға қолдау көрсету біздің міндетіміз!-дейді Нұрлан Ерғалиев.
Қазіргі таңда «Қадамның» алғашқы психологиялық сабақтары жоғары деңгейде өтті. Онда психолог Сымбат Әбдрахманова «Түпсанамен жұмыс, қорқыныш және қағидалармен жұмыс жасау медитациясы» тақырыбында ауқымды сабақ өткізіп, қатысушылардың қызығушылығын одан әрі тереңдете түсті. Бұл тренинг барысында көпбалалы және ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар жұптық жұмыстар арқылы жобадағы өз мақсаттарын айқындап, отбасы мен бала тәрбиесіндегі маңызды ақпараттармен танысты. Сабақ арасындағы үзілісте қатысушылар сергіту жаттығуларын жасап, би билеп, ән айтып, бір сәтке болсын күнделікті күйбең тірлікті ұмыт қалдырды. Ал қазір қатысушылар бизнес-жоспар құру бағытында білім алуда. Бұл сабақтарды тәжірибелі бизнес-тренер, коуч Алтынгүл Атабаева жүргізсе, әлеуметтік желідегі парақшаларды тиімді басқару, сапалы контент жасау бойынша СММ саласының маманы Гүлмира Нұралықызы тәлім беруде.
Айта кетейік, биылғы «Қадам» жобасы сәуір айында басталып, 11 айға жалғасады. Жоба «сан емес, сапа» қағидатын ұстанып отыр. Сондықтан 500-ден астам ананың ішінен ең белсенді, ниеті мен ынтасы үйлескен 50 ана ғана іріктеліп алынды. Білім алу барысында қатысушылардың барлығы «СММ» мамандығын меңгеріп, компьютерлік сауаттылық ие болып шығады. Сонымен бірге олардың арасынан 10 ана аспазшы, киім тігетін тігінші, құрақ құрайтын тігінші, бет әрлеуші, шаш сәндеуші мамандықтары негізінде арнайы сертификат иеленіп, өз кәсібіне қажетті құрал-саймандармен қамтылатын болады.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ