АМӨЗ тағылымгері: Шыңдарды бағындыру

АМӨЗ тағылымгері: Шыңдарды бағындыру
(0 Votes)

Атырау мұнай өңдеу зауытында АРЕС Training Center-мен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «АМӨЗ тағылымгері» жобасы жалғасуда.

Еске салайық, білім беру бағдарламасы өткен жылдың қазан айында бастау алып, қазірге дейін 21 тағылымгер зауытқа жұмысқа орналасты.

Бүгінгі таңда жоба аясында 60 студент білім алуда, оның ішінде 40 технологиялық қондырғылар операторы, 10 технологиялық сорғылар мен компрессорлар машинисі және 10 бақылау-өлшеу құралдары және автоматика (БӨҚжА ) аспапшысы бар. Тағылымгерлер физикалық құбылыстардың негізгі принциптері, мұнай және мұнай фракцияларын екінші реттік өңдеу, компрессорлар және компрессорлық қондырғылар, сондай-ақ БӨҚжА теориясы бойынша білімдерін шыңдауда. Жобаға қатысушылардың көбісі бұрын-соңды зауытта болмаған, сондықтан тәжірибелі мұнай өңдеушілердің жетекшілігімен өндіріс орындарын қызығушылықпен зерттеуде.

«Тәлімгерлеріміз – өз ісінің шеберлері. Оқу процесі ұнайды. Бұрын зауыт туралы тек оқыдым, келіп көрмеген едім. Колледжде білмеген, көрмеген нәрселерді зауытқа келіп көріп жатырмын. Жаңа адамдармен таныстым. Болашақта технологиялық қондырғының операторы болғым келеді», - деді жоба қатысушыларының бірі Қуанышбек Жамалиден.

Нұсқаушы-тәлімгер қызметін атқарып жүрген зауыт ардагерлерінің айтуынша, білім бағдарламасы студенттерге АМӨЗ-ге қатысты нақты теориялық және практикалық білім алуға жақсы мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде тағылымгерлердің көбісі жетістіктерімен мақтана алады.

«Оқу бағдарламасы өте ауқымды. Онда ЭЛОУ АТ-2 және ЭЛОУ АВТ-3 секілді біріншілік өңдеу қондырғылары мен көптеген екіншілік қондырғылар қамтылған. Біз студенттерге олардың құрылымы, технологиялық процестердің ерекшелігі, жабдықтардың мақсаты мен жұмыс принципі туралы айтамыз. Жоба басталғалы бері тағылымгерлер қондырғылардың жұмысын жақсырақ түсініп келеді, өз беттерінше сызба сызып, оны түсіндіре алады. Дайындық деңгейі студенттердің өзіне байланысты, алайда көпшілігінің білім алуға құштарлығы бар», - дейді нұсқаушы-тәлімгер Юрий Милёхин.

Айдын Маратов – жоба түлектерінің бірі. Ол маусым айында ЭЛОУ АВТ-3 технологиялық қондырғысының операторы қызметіне қабылданды. Қазір сынақ кезеңінен өтіп жүрген жас маман өз кәсібіне қажетті дағдыларды бойына сіңіруге тырысуда.

«Тәлімгерлеріміз өздерінің 50 жылдық тәжірибелерімен бөлісіп, бізге көп көмек берді. Бұрын қондырғыларды сыртынан көріп, жұмысын түсінбейтін едік. Қазір оның жауапкершілігін, қиындығын сезініп жатырмын. Алайда жұмыстың жаманы жоқ. Сондықтан барлығын үйренуге тырысамын», - деп бөлісті АМӨЗ-дің жаңа қызметкері.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT