АМӨЗ еңбеккерлері «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестиваліне қатысты

(0 Votes)

Астанада бес күнге созылған «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі аяқталды. Еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталған алаңда Атырау мұнай өңдеу зауытының бүгінгі әлеуеті таныстырылды.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткізілген ауқымды шара болашақ мамандар мен жұмыс берушілердің және кәсіптік-техникалық ұйымдардың басын қосты. Интерактивтік көрмеде таныстырылған 200-ден астам кәсіптің ішінде мұнай өңдеуші мамандығы келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Атырау мұнай өңдеу зауытының мамандары оларға өндіріс пен технологиялық процестердің ерекшелігін түсіндірді. Еңбек жағдайлары мен мансап мүмкіндіктері туралы айтты. Кәсіптік бағдар беріп, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. АМӨЗ-дің оқу-жаттығу пунктінің инженер-нұсқаушысы Рафаэль Фаткеев фестивальден алған әсерімен бөлісіп, шара болашақ мамандар мен жұмыс берушілер арасындағы маңызды диалог алаңына айналғанын айтты.

«Келушілерге зауыт қызметкерлерін оқытатын компьютерлік-тренажерлық кешенді таныстырдық. Технологиялық қондырғылардың нақты уақыттағы жұмысын виртуалды режимде көрсеттік. Мұнай өңдеуші мамандығын насихаттап, болашақ мамандарды зауытқа жұмысқа шақырдық. Мені шараның ауқымы таң қалдырды. Мұнда еліміздегі заманауи өнеркісіптің барлығы көрсетілген. Болашақ мамандар жұмыс берушілермен тікелей байланысуға мүмкіндік алды. Бұл жастар үшін тұрақты жұмысқа орналасуға үлкен мүмкіндік», - деді Р.Фаткеев.

АМӨЗ-дің персоналды оқыту және дамыту жөніндегі маманы Камила Рыспаева мектеп оқушыларының мұнай өңдеуші мамандығына қызығушылығының жоғары екендігін айтады.

«Мен өзге өңірлердегі жастардың қызығушылықтары туралы көбірек білуге мүмкіндік алдым. Оларға кәсіптік бағдар беріп, мамандықты дұрыс таңдауда кеңестермен бөлістім. Әсіресе мектеп оқушыларының мұнай өңдеуші мамандығына қызығушылықтарының ерекше екендігін байқадым. Олар зауытқа мұнайдың қалай жеткізілетінін, одан әрі өңдеу процесінің қалай жүргізілетінін сұрады. Біз білгендерімізбен қуана бөлістік. Фестивальге қатысу біздің жұмысымыздың маңыздылығына деген сенімімді нығайтқан құнды тәжірибе болды», - деді ол.

АМӨЗ 80 жылдық тарихында автоматты түрде басқарылатын жоғарытехнологиялық өндірістердердің біріне айналды. Зауытта жұмысшы мамандық иелерінің мәртебесі биік. Кәсіпорынның дамуына технологиялық қондырғылар операторы, насостар машинисі, токарь, электрик, жол монтеры, құрылысшы, слесарь секілді еңбек адамдары үлестерін қосуда. Жұмысшы мамандарды даярлау мен біліктілігін арттыру мақсатында зауытта корпоративтік семинарлар мен арнайы курстар өткізіледі. Әрі биылдан бастап зауыт, жұмысшы мамандықтар жылы аясында қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін Халықаралық бағдарламалар орталығымен меморандумға қол қойды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT