Атырау мұнай өңдеу зауыты мен АРЕС Training Center оқу орталығы бірлесіп жүзеге асырып жатқан «АМӨЗ тағылымгері» білім беру бағдарламасының алғашқы нәтижелері белгілі болды.
Жоба басталғаннан бері тағылымдамадан өтушілер 5 модуль бойынша теориялық және практикалық дәріс алды. 2024 жылдың 16-19 ақпаны аралығында игерілген материалдар бойынша аралық бақылау өтті. Тағылымгерлер зауыт мамандарына технологиялық процестерді басқаруға жоғары дайындықтарын, қондырғылардың схемалары мен карталарын, сондай-ақ қауіпсіздік техникасы ережелерін білу деңгейлерін және т.б. көрсетті. Үздік шыққан 10 технологиялық қондырғы операторы, 4 машинист, 2 бақылау өлшеу құралдары және автоматика (БӨҚжА) аспапшысы зауыт басшылығымен сұхбаттасуға шақырылып, нәтижесінде барлық 16 тағылымгер зауытқа жұмысқа орналасты.
«Көкшетау қаласынан келдім. 2023 жылы Қазақстан-Британ техникалық университетін «органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығы бойынша аяқтадым. «АМӨЗ тағылымгері» бағдарламасына «технологиялық қондырғылардың операторы» бағыты бойынша қатыстым. Университетте Атырау мұнай өңдеу зауытындағы технологиялық процестерді жан-жақты қарастыратынбыз. Жоба аясында тәжірибелі инструкторлардың көмегімен білімімді толықтыруға мүмкіндік алдым. Оқу бағдарламасы өте тиімді, мамандығымызға сәйкес инженерлік бағытқа екпін қойылып жасақталған. Оқу барысында зауыттағы технологиялық процестерді терең зерттедік. Сондықтан зауыттың жұмысымен таныспын десем болады. Кейбіреулер «Неге халықаралық компанияға жұмысқа орналаспайсың?», — деп сұрайды. Мені мұнай өндіру емес, мұнай өңдеу процесі көбірек қызықтырады. Сондықтан АМӨЗ-ді таңдадым. Сәуір айынан бастап хош иісті көмірсутектерді өндіру қондырғысының операторы қызметіне орналастым. Зауытта тәжірибе жинақтап, өз ісінің нағыз маманы болу үшін жұмыстанамын. Болашақта отандық мұнай-химия саласын зерттеп, дамытуға үлес қосқым келеді», — дейді бағдарлама қатысушыларының бірі Ахат Каиргельдинов.
Еске сала кетейік 2023 жылдың қазанында басталған білім беру бағдарламасына Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының колледждері мен жоғары оқу орындарының 60 түлегі қатысуда. Жоба технологиялық қондырғы операторы, технологиялық сорғылар мен компресорлар машинисі және БӨҚжА аспапшысы бағыттары бойынша жүзеге асырылуда. Басты мақсат — АМӨЗ-дің жоғарытехнологиялық қондырғыларында жұмыс істейтін мамандарды үздіксіз даярлауды қамтамасыз ету және кадрлардың тұрақтамауының өндіріс процесіне әсерін азайту.