Наурыз – тазару мен жаңару мерекесі. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысшылары арасында «Таза әлем» экоакциясы ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – ұжымның ауызбіршілігін, ұйымшылдығын арттырып, командалық рухты нығайту. Күн райының қолайсыздығына қарамастан, көңілді әуеннің ырғағымен жұмысқа кіріскен 250-ге жуық зауыттық кеңселер мен технологиялық қондырғылар аумағын тазартып, 48 текше метреден астам қоқыс жинады. Оның 18 текше метрі мердігер компаниямен полигонға жөнелтілсе, қалған бөлігі алдағы жұмыс аптасы ішінде шығарылады. Экологиялық акцияға 1 самосвал, 1 жүктиегіш және 1 қоқыс тасығыш техника жұмылдырылды. Іс-шара соңында қатысушыларға ыстық тамақ таратылды.
Зауыттықтар үшін сенбілікке қатысу тек жақсы дәстүр ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік жауапкершіліктің маңызды бөлшегі саналады.
«АМӨЗ» ЖШС қоршаған ортаны қорғау және жақсартуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруды жалғастыратын болады.