Дүйсенбі күні аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Оған аудан әкімі Ринат Хисаұлы, Атырау облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясы төрағасының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Нұржан Мақсотұлы, облыстық мәслихат депутаты Серік Нұрбайұлы, фракция мүшелері мен бөлім басшылары қатысты. Мәжіліске филиалдың атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі Әсел Шайзадақызы төрағалық етті.
Партия отырысының күн тәртібіндегі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты аудандық сайлауалды бағдарламаның 2021 жылғы орындалысы және 2022 жылға жоспары туралы аудан әкімі Ринат Ибрагимов баяндама жасады.
Аудан басшысы өз сөзінде 86 іс-шарадан тұратын «Жол картасы» аясында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. 2021 жылдың қорытындысы бойынша жалпы жоспардың 70-і, яғни 81 пайызы орындалса, қалған 16 іс-шараның әлі орындалу мерзімі келмеген.
«Орындалған шаралар аудандағы елді-мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға, инвестиция көлемінің артуынан жаңа жұмыс орындарының ашылуына, мәдени-рухани дамуына, әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне, мол мүмкіндік берді»,-деді Р.Ибрагимов.
Көлік-инфрақұрылым бағыты бойынша ауданда 5,6 шақырым автокөлік және 5,5 шақырым жаяу жүргінші жолдары салынып, денсаулық сақтау саласы бойынша Доссор селолық ауруханасы ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, ауданға 4 жас маман шақырылса да, 1 офтальмолог, 1 отоларинголог, 1 хирург, 4 жалпы тәжірибелі дәрігері және 1 инфекционист дәрігер қажеттілігі әлі де туындап отыр. Жұмыспен қамту бағыты бойынша да біраз жұмыстар атқарылған. Мәселен, өткен жылы жаңа 2110 жұмыс орны құрылған болатын. Оның ішінде 1213 адам тұрақты жұмысқа орналасып, жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды түскен. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында 1 спорт кешені және 1 ашық спорт алаңы пайдалануға берілген болатын. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін аудандағы 10 ірі кәсіпкерлермен меморандум жасақталып, бүгінде баға жіті бақылауда ұсталуда.
Десе де назарда тұрған мәселелер де бар. Ринат Хисаұлы биылғы жылы орындалмау қауіпі бар іс-шараларды да тілге тиек етті.
Атап айтсақ, Ескене елді мекеніне кіреберіс 7 шақырым автокөлік жолын қайта жаңғырту жобасы биылға жоспарланған. Алайда Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына сәйкес жобаның қаржыландырылуы 2023 жылға бекітілгендігі белгілі болды.
Аудандағы 28 көп қабатты тұрғын үйдің сыртқы келбеті мен шатырларына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Десе де, жоспар бойынша биыл 7 үйдің ғана сыртқы келбеті мен шатырын күрделі жөндеуден өткізу қарастырылған.
Мақат және Доссор кенттеріндегі теміржол вокзалының перрондарын күрделі жөндеуден өткізу биылға жоспарланып, пайдалануға беру көзделген. Дейтұрғанмен бүгінгі күні күрделі жөндеу жұмыстарына қаражат қаралып, мемлекеттік сатып алу порталына конкурс жариялануда. Сондықтан да нысандарды осы жылы пайдалануға беруде ықтимал тәуекелдер бары жасырын емес.
Мақат кентіндегі «Ынтымақ» ықшам ауданына 180 орындық №2 бастауыш мектебіне жапсарлас ғимарат салу жобасының жобалық сметалық құжаттама мерзімінің өтуіне байланысты, облыстық құрылыс басқармасымен жобаға түзету енгізілуде.
Аудан әкімі аталған мәселелерді алдағы уақытты болдырмау үшін партияның сайлауалды бағдарламасының орындалысы жөніндегі Жол картасын пысықтап, фракциямен бірлесіп іс-шараға тиісті түзетулер енгізуді сұрады.
Бұл ретте баяндамаға орай Нұржан Мақсотұлы мен Серік Нұрбайұлы сауалдар жолдап, өз пікірлерін білдірді.
Облыстық партия жетекшілері аудандық фракция жұмысына оң баға беріп, депутаттық фракция отырысына ұсынылған барлық мәселелер толықтай қаралып, тиісті шешім қабылданды.
М.ІЗТҰРҒАНОВА,
Суреттер автордан