Премьер-Министр және Үкімет мүшелерінің қатысуымен «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында Олжас Бектенов депутаттарға Президенттің Жолдаулары мен 2023-2029 жылдарға арналған «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасының іске асырылу барысы жөнінде мәлімет берді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Фракция депутаттарымен баяндаманы талқылау қорытындысы бойынша Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов әлемдегі күрделі геосаяси ахуалға және елдегі табиғи апаттарға қарамастан, мемлекеттің негізгі әлеуметтік міндеттемелері толық орындалып жатқанын айтты. Сонымен қатар ол халықты алаңдатып және Үкімет тарапынан баса назар аударылуын талап ететін бірқатар мәселеге тоқталды. Бұл – көктемгі су тасқынының салдарын жою, бағаның өсуі, жұмыссыздық, жылу беру маусымына дайындық, мектептер мен ауруханалар жетіспеушілігі. Сонымен қатар Мәжіліс Спикері еліміздің болашағы үшін атом электр стансасын салудың стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.
«Қазіргі уақыттағы қызу талқыланып жатқан ең өзекті мәселе – Атом электр станциясын салу. AMANAT фракциясының депутаттары Мемлекет басшысының референдум өткізу туралы идеясын толық қолдайды. «AMANAT» партиясы осы науқанды Үкіметпен бірлесіп, жоғары деңгейде өткізуге атсалысуға, кең ауқымда ақпараттық-түсіндіру жұмысын ұйымдастыруға дайын. Еліміздегі барлық саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар бізбен бірге Президенттің осы прогрессивті бастамасын іске асыруға жұмылады деп сенеміз», — деді Ерлан Қошанов.
Отырысты қорытындылай келе, Мәжіліс Спикері Премьер-Министр Олжас Бектеновке және Үкіметтің барлық мүшесіне бірлескен жемісті жұмысы үшін алғысын білдірді. Бұл ретте, ол фракция Премьер-Министр лауазымына қатарынан екінші рет кандидатура ұсынып отырғанын, ал Мәжіліс комитеттері министрлер кабинетінің әрбір мүшесінің кандидатурасын келісетінін айтты. Сондықтан депутаттар мен Үкімет Мемлекет басшысының барлық тапсырмасының орындалуы бойынша халық алдында да, Президент алдында да жауапкершілігі ортақ. Мәжіліс Төрағасы дәл осы тәсіл Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.