Көктемнің де, көңілдің де тоңын жібітіп, баршамызды қуанышқа бөлейтін амал мерекесі келіп жетті. Бір жылды артқа тастап, жаңа жылдың жаршысындай болып келген күнді – Наурыздың алғашқы күні десек те болатындай. Оны көпшілік Наурыздың 14-інен бастаса, 15-інен бастап көрісетін бауырларымыз да бар.
«Амал келді, жыл келді» дескен ел құшақтаса амандасып, ақ тілегін ақтарып жататын күн бұл. «Көрісуге кісі келіп қалар» деп дайын отыратын қазағым «Хал-жағдайларын сұрап, амандасып келейін» деп құрақ ұшатын кезімізге ерекше мән берген. Білгенге, мұның үлкен мән-маңызы бар. Ең әуелі сыйластықтың табы еседі бұдан. Көктем табиғатты жаңартса, бұл күн көңілдің кірбіңін кетіріп, адамдарды бір-біріне жақындастырады.
Осылайша, Наурыз мәре-сәре болып көрісіп, құшақтасып, амандасудан, жылдың келгеніне қуанудан басталады.
Ұлы Абайдың: «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Көрісіп, күлімдесіп, құшақтасып» деген өлеңінде көрісудің бар екенін аңғартса, Шоқан Уәлиханов та астрономиялық күнтізбені сызғанда, жылдың басы наурыздан басталатынын көрсеткен.
Көрісу – наурыздың рәсімі һәм ғұрпы. Сол арқылы біз өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілікке тәрбиелейміз.
Бірлік мен татулықты ту еткен бұл мереке халқымыздың бауырмалдық қасиетінің көрінісін де байқатады.
Ендеше, баршаңызға «Бір жастарыңызбен!» дегіміз келеді.