Адам өмірінде ақ халатты абзал жандардың орны бөлек. Денсаулығымыз сыр берсе, жанымыз қиналса, көмек қолын созуға дайын тұратын дәрігерлер көмегіне жүгінеміз. Сондай ақ халатты абзал жанның бірі, медбике Дүйсен Құралай Сұлтаниязқызы. Ол Алға ауылдық дәрігерлік емханасында 11 жылдан бері еңбек етіп келеді.
Құралай Дүйсен – Қызылқоға өңірінің тумасы. Қасиетті Қарабау жерінде өмірге келген ол орта мектепті бітірген соң 1997 жылы Маңғыстау медицина колледжіне оқуға түскен. 2000 жылы оқуын аяқтаған соң еңбек жолын Атырау облыстық перзентханасынан бастайды. Жанына мейірім шуағын шашып жүретін білікті маман сәбилер мейірбикесі қызметін ойдағыдай атқарған. 2014 жылдан бастап Құралай Сұлтаниязқызы Алға дәрігерлік емханасында жалпы тәжірибелік медбикелік жұмысын одан әрі жалғастырған. Құралай бүгінде балаларға профилактикалық екпелер екпе медбикесі қызметін атқарып жүр. Алға ауылында 2500- дей тұрғын болса, ауыл емханасы соның 1920-на дәрігерлік қызмет көрсетеді. Қазіргі уақытта Алға емханасының жалпы тәжірибелік мейірбикесі Құралай Дүйсен:
– «Мейірбике болу- менің бала күнгі арманым болатын. Әкеміз Сұлтанияз құрылысшы еді. Бірақ 1983 жылы ғұмыры қысқа болып, 34 жасында өмірден озып кеткен. Әкеміз ауыр дерттен ерте көз жұмған соң анамыз біздің медицинаға түсіп, дәрігер болғанымызды қалады. Міне, сондықтан отбасындағы 5 қыздың 3-і дәрігерлікті таңдадық. – Шаңырақтағы 5 қыздың ішінде екінші апам – акушер, «Интертичте» жұмыс істесе, кіші сіңлім – гинеколог, «Экомедте» дәрігер- репродуктолог. Білікті медбике болу үшін де білімділікпен қатар мейірімділік сезім де аса қажет нәрсе деп ойлаймын. Бұл – ең басты дүние. Жаны қиналып келген емделушінің көңіл-күйін сұрап, онымен сөйлесу – үлкен өнер. Жанына шипа іздеп келген науқасты көңіл-күйіне қарап, түсіністік таныту кәсіби біліктілікті одан әрі арттыра түседі. Жүректе иман, адамгершілік, халыққа деген жанашырлық болу аса маңызды. Әрине, білікті маман болу үшін көп оқып, көп іздену керек. Өзін үнемі дамытып отыру артық етпейді. Ең бастысы- қарапайымдылық. Әр адам дәрігер алдына келгенде үлкен сеніммен келеді. Ешқашан оған: «болды, уақыт бітті, емделмейсің» деп айтуға әсте болмайды. Арамызда дәрігерді сиқыршы деп ойлайтын жандар да бар. Көп адамдар дертін асқындырып келетіні де жасырын емес. Мемлекет тарапынан медицина саласына бар мүмкіндіктер жасалуда. Мейірбике мамандығы – алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін әлеуетті мүмкіндігі орасан қызметтің бірі. Денсаулық саласында жоғары білікті медбике мамандарын даярлау қажет. Ол маманға медициналық білім мен біліктіліктен бөлек ойлау, ұйымдастырушылық қабілет, белсенділік мен мобильділік қажет етіледі. Мейірбике шеберлік пен білімді ұштастырған, жан- жақты, күтім процесіне толығымен жауапты, мейірімділік көрсететін жан. Соңғы кездері медбикелер ісін модернизациялау жұмыстарының қарқыны жоғары. Бүгінгі медбикені тек дәрігердің айтқанын орындаушы деп түсінуге болмайды. Оның міндеті - адамдарды, отбасыларды, халықты психикалық, физикалық, әлеуметтік потенциалын жүзеге асыруға үйретіп, дағдыландыру. Медициналық іс – өз қызығы мен қиындығы бар жұмыс. Дәрігер иығында қандай жауапкершілік болса, бізге де жүктелген міндеттер сондай. Оқу орнынан кейінгі менің жұмысым перзентханада жаңа туған сәбилерге күтім жасаудан басталды. Басында аздап қорқыныш болғанымен кейін үйреніп кеттім. Жаңа туған нәрестені қолға алу, оның өмірге келуіне септігімді тигізу шынымен де зор қуаныш екен. Кейін медбикелікке ауыстым. Емханаға келген адамдарға уақытылы екпе салып, дәрісін беру, психологиялық демеу көрсету керек. Әр адаммен тіл табысып, белгіленген ем-домды жүргізіп, барынша жағдай жасаған дұрыс. Десе де қызметіңе берілсең кез келген қиындыққа қарсы тұрасың. Балалармен жұмыс жасау да оңай шаруа емес. Әсіресе, кішкентай сәбилер қай жері ауырып тұрғанын айта алмайды, ем алғанда ауырсынуларға төзбейді. Оларға тек медбике ғана емес, анасы ретінде қараймын. Жан жылуын сыйлап, барынша қамқор боламыз. Дәрігер берген емнің нәтиже беруі осы медбикеге тікелей байланысты. Ауырып келген жанның тез сауығып кетуі үшін бар күшіңді саласың. Әрине, оның ішінде балалар да бар. Әр балаға көмек көрсетіп, оның ата-анасына да жылы сөзбен демеу болған дұрыс деп ойлаймын, - дейді өз әңгімесінде.
Алға ауылдық округінің әкімі Р.Мусин білікті маман мейірбике Құралай Дүйсенді ауылдың әлеуметтік-экономикалық саласын дамытуға қосқан ерен еңбегі мен жетістіктері үшін «Жыл адамы – 2022» жыл қорытындысы бойынша «Үздік мейірбике» номинациясы дипломымен марапаттаған. Ауыл тұрғындарының алғысына бөленіп жүрген Құралай халықтың денсаулығы - ұлттың байлығы деп біледі.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА