Алғыс айту күні әлемде қалай тойланады?

Алғыс айту күні әлемде қалай тойланады?
фото: egemen.kz
(0 Votes)

Көктемнің алғашқы күні елімізде айтулы мереке тойланады. Ол 1 наурыз – Алғыс айту күні. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі.

Елімізде бұл мерекенің шығу тарихы 2016 жылдан бастау алған болатын. Сол кездегі Президент Н.Назарбаевтың ұсынысымен мемлекетімізде өмір сүріп жатқан түрлі ұлт пен ұлыстардың ризашылығын білдіретін күн деп қабылданған еді. Десе де бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орната бермейтін бүгінгі заманда, бұл үрдіс айналамыздағы барша адамзатқа алғыс айтып, ризашылық білдіретін ұлы күнге айналды. Ал, өзге елдер де алғыс айту күні арнайы қызыл күнтізбемен белгіленіп, тойлана ма? Біз зерттеп көрдік...

Әлем халықтары да алғыс айту, ризашылық күндерін өздерінше тойлайды. Мәселен, Америка Құрама Штаттарын алатын болсақ, алғыс айту күнін қараша айының төртінші бейсенбісінде Рождество деңгейінде атап өтеді. Отбасы мүшелері дастарқан басына толық жиналып, өткен-кеткен оқиғаларды еске түсіріп, бір-біріне шын жүректен тілек айтып, алғыс білдіреді. АҚШ-та бұл күн күркетауықтың символымен астасып жатыр. Оның атаулы себебі де бар. Яғни, мерекені алғаш рет тойлағанда үндістер мен қоныс аударушылар орманнан аулап алып келген төрт күркетауықты жеген екен. Міне, сол кезден бастап Америкада алғыс айту мейрамы күркетауықтың символымен бірге бітісіп кеткен.

Инновация қарыштап дамыған Жапон халқы да бұл күнді ерекше атап өтеді деседі. Бұл елде де жыл сайын дәстүрлі түрде қараша айының жиырма үшінші жұлдызында Kinrō Kansha no Hi күні тойланады. Бұл күн жапондықтар үшін жыл сайын кәдімгі «еңбек күні». Яғни, осы күнді олар өзін жұмыспен қамтамасыз етіп отырған жұмыс берушілерге алғысын айтып, ризашылықтарын білдіреді.

Герман халқы да алғыс айту күнін атап өтуде қалыс қалмаған. Германияда алғыс айту күні қазан айының алғашқы демалыс күнінде тойланады. Бір қызығы мерекені егін алқабында атап өтеді екен. Бұның да өзіндік себебі бар. Келер жылы да астық пен жеміс-жидек, көкөніс мол болсын деген ниетте тағдырға, жер анаға алғыс білдіріп, рахмет айтуға жиналады. Әрі қарай мереке өз жалғасын тауып, атаулы фестивальдарға ұласады. Халықтың бәрі көтеріңкі көңілде болып, көшелерде ұйымдастырылатын фестивальдерге белсенді түрде қатысады.

Міне, әр ел өзінше тойласа да, бұл мерекенің мән-мағынасы, тағылым алар тәрбиесі жетерлік. Сондықтан бір-біріңізге алғыс айтып, құрметпен қарап жүргеннің артығы жоқ…

Ж.ҚАМЗА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT