Алғашқы АЭС құрылысын тездету қажет – Мемлекет басшысы

Алғашқы АЭС құрылысын тездету қажет – Мемлекет басшысы
(0 Votes)

АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Парламентке екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажеттігі жөнінде ұсыным беруді тапсырды. 

− Энергия тапшылығы артып келеді. Сондықтан алғашқы Атом электр стансасының құрылысын тездету қажет. Жалпы елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет, − деді Мемлекет басшысы Үкіметтің бүгінгі кеңейтілген отырысында.

Сонымен бірге, Президент Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырды.

− Нақты нәтиже керек. Жан-жақты талдау жүргізіп, атом электр стансаларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтау қажет. Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек. Бірақ атап өткім келеді: елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды. Қуат дегеніміз – бүкіл экономиканың дамуы деген сөз. Екіншіден, қуат жеткілікті болса, барлық аймақтар гүлденіп, өркендей түседі, халықтың тұрмысы жақсарады. Бұл – айдан анық, − деді Мемлекет басшысы.

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында елде салынуы мүмкін екінші және үшінші АЭС құрылысына арналған аумақтарды анықтау жұмыстары аяқталуға жақын екенін айтқан болатын.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT